Облыстық психоневрологиялық диспансер басшысы ақша жеді деп айыпталуда

Қазақ тілді журналистерді өз кабинетінде жинап алып, медициналық мекеме саласындағы былықтар жайлы прокурор орыс тілінде бөліскенді жөн көрді. Айтуынша, Шымкенттегі №2 психоневрологиялық аурухананы тексерген ол бас дәрігер Әзімхан Исмаилов психикалық ауруға ұшыраған 13 науқасты санитар, етікші мен еден жуушы ретінде рәсімдеп, 5 жыл бойына жоқ қызметкерлердің жалақыларын алып келгенін анықтапты. Оған қоса, қосымша тамақтануға бөлінген қомақты қаржыны қалтасына басқан екен.

Әбдітәліп Мұстафаев, ОҚО, Абай аудандық прокуратурасының прокуроры:

-  Тек бір жарты жылдықтың өзінде қосымша тамақтануға 102 миллион теңге бөлінген. Ол не қылған қосымша тамақтану? Мен науқастардың мәзірін жеке тексердім. Ол жерде қара уылдырық, банан мен тау балы бар. Қосымша тамақтандырусыз-ақ мемлекет олардың ауқатына жақсы көңіл бөліп отыр.

Патшалар секілді ауқаттандыратын психиатриалық мекеменің өзіне бас сұқтық. Тіпті, мәзірімен де таныстық. Ас жеткілікті. Тіпті, қара уылдырықтың да берілетіні рас екен. Тек, 240 науқасқа жылына екі келі ғана бөлінеді. Әрқайсысына қаншадан тиетінін енді есептей беріңіз.


Мырзахан Жолтаев, ОҚО №2 психоневрологиялық диспансерінің бас дәрігері:

 - Қосымша деген тамақ жоқ. Міне, 75 миллион тамақтың өзі бұларға жетеді. 5 рет тамақтанады. Таңғы ас, полдник, түскі ас, түс қайта тағы полдник, сосын 7-де кешкі ас беріледі. Олар тамақты тойып жейді.

Мекеменің қазіргі бас дәрігерінен де, 150 қызметкерінен бұрынғы басшы туралы жаман сөз ести алмадық. Дегенмен жемқорлыққа жол берді деген күдікпен қызметінен шеттеліген Әзімхан Исмаиловқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.