«ЭКСПО» қалашығын тұрғызу үшін қазір құрылыс қарқын ала бастады. Сауда павильондары, қонақүй секілді жүздеген ғимарат салатын отандық және шетелдік компаниялар президент алдында есеп берді. Нұрсұлтан Назарбаев көрме аяқталған соң бой көтерген нысандардың қаңырап бос қалмай, халық игілігіне жұмыс істеуін ойластыруды мықтап ескертті. Осы жерде, салынатын қонақүйлерді кейін тұрғындарға пәтер ретінде беру жайын қарастыруды тапсырды. Ал бүгін белгілі кәсіпкерлердің бірі жаңадан тұрғызып жатқан ойын сауық орталығын «Нұр-Плаза» деп атауды ұсынғанымен, президент оған қарсы шықты.
- Сол «Нұр-Плаза» деп атағымыз келеді. Егер келісім берсеңіз жақсы болар еді.
-Осылай жалпақтауды қайдан үйреніп жүрсіңдер?
-Өмір үйретіп жатыр...
- Жарайды, «Астана-Плаза» болсын. Бірақ әлде де ойланайық.
Құрылысқа қатысты біраз ескерту айтқан президент бүгін сондай-ақ, Ұлттық Қорғаныс университетінің жаңа ғимаратының ашылуына қатысты. Оқу орны енді тұңғыш президент-Елбасы атымен аталатын болды. Бұл елімізде ғана емес, Орта Азиядағы теңдессіз офицерлер әзірлейтін университет болмақ. Бұған дейін оқу орны Шучье қаласында болса, енді тұтас Астанаға қоныс аударады. Мұнда әскерилерге барлық жағдай жасалған. Жатақхана, кітапхана, оқу залдарын айтпағанда ғылыми зерттеу орталықтарына дейін бар.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Ескі жолмен жүріп, құр әншейін тек сапта жүруді үйретудің керегі жоқ. Басқа академиялардың барлығын көріп жүрміз. Соны мен қараймын. Оқыту бағдарламасы басқаша болуы тиіс.