Ойыншық сақталған қойма түгі қалмай өртеніп кетті

Қазыл жалынға оранған ғимарттың түтіні қала аспанын қара қошқылдандырып жіберді. Анадайдан аңғарылған апатты аттылы адам түсіп қараған, тіпті таспаға да түсірген. 

Апат ошағына 9 минутта жеттік деген, өрт сөндіретін 11 техника мен 70 ке жуық адам тілсіз жаумен 2 сағаттай алысқан. Айтуларынша, қойма күзетшілері ертерек құлақтандырғанда, қала үстін түтін тұмшаламас еді. Сондықтан қойманың төбесі опырылып түскенде, өрт сөндірушілердің де салы суға кеткендей ғимарат сыртында сұлық жүрді. Қоймадан тамтық қалмағанын мына ойыншық көліктен де, жалын шарпыған техникадан да аңғаруға болады. 

Қуаныш Мұтталапов, Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:

- Ең бастысы қойманы алып қалу емес, жанындағы қоймаларға от түсірмеу, адам шығынын болдармау болды. Балалар ойыншығының пластмассадан тұратынын білесіздер олар жануға бейім материалдар. Ішіндегі жанған заттардың лебі қатты болған себепті біздің өрт сөндіру автокөлігін өрт шарпыды.

Өрт сөндірушілер қазір оқиға орнында бықсыған шала мен қысымға шыдас берген құрылыс материалдарын жинастырып жатыр. Ал шығынға шаш етектен батқан кәсіпкерлер сан соғып қалды. Өйткені тауарын сақтандырмапты.


Мына жердегі 19 қойманың бірі былтыр ғана түгі қалмай өртеніп кеткен еді. Онда өрт қауіпсіздігі сақталмаған деген қортынды жасалып, қоймалардың қожайынына айыппұл салынған екен. Енді мына апттың нақтылы себеп салдарына осында жүріп жатқан тексерістер мен сараптама анықтайтын болады.