Ойын бизнесіне рұқсат етілетін аумақтардың тізбесі кеңейтіледі - заң

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Заңды қабылдаудың мақсаты - экономиканы әртараптандыру, ішкі және келу туризмін дамыту, адами капиталды нығайту және балалар мен жасөспірімдер үшін спорттың қолжетімділігін арттыру жөніндегі мемлекеттік басымдықтарды іске асыру. Осы құжат артқылы Қазақстан Республикасының 13 Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мәліметіне қарағанда, «Аудиторлық қызмет туралы» Заңға бюджеттік және бюджеттен тыс қаражатты жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін спорт саласындағы бюджеттен тыс қаражатты бөлу жөніндегі бірыңғай оператордың қаржылық есептілігінің міндетті жыл сайынғы аудиті бойынша норма енгізіледі.

Заңмен «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Заңына уәкілетті органның туристік өнімге, келу туризмі саласындағы туристік операторлардың шығындарын субсидиялау мөлшеріне, туристерді орналастыру орындарын салу мен реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеуге қойылатын талаптарды айқындау жөніндегі құзыреттерін нақтылау бөлігінде өзгерістер енгізіледі.

Бұл құжатпен кәсіпкерлік субъектілерінің туристерді орналастыру орындарын, санаторийлік-курорттық ұйымдарды, танытым орталықтарын, тау шаңғысы курорттары, жол бойындағы сервис объектілері үшін жабдықтар мен техниканы иеліктен шығармау және нысаналы пайдалану мониторингін жүзеге асыру, сондай-ақ басым туристік аумақтардың шекараларын айқындау жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың жаңа құзыреті енгізіледі.

«Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға қосымша білім беру ұйымдары ретінде балалар-жасөспірімдер спорт мектебі (БЖСМ) ұғымы бекітіледі, БЖСМ-ға мемлекеттік тапсырыс, жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі, мемлекеттік тапсырысты орналастырудың бірыңғай қағидалары енгізіледі. Сондай-ақ деректерді есепке алу, талдау және мониторингтеу үшін дене шынықтыру мен спорттың цифрлық платформасы құрылады. Мемлекеттік спорт ұйымдарының деректерді цифрлық платформаға беру міндеті белгіленеді.

Қазақстан туристік автобустардың шекарадан өтуін жеңілдетеді

-Заң туризм саласындағы құқықтық реттеуді жетілдіруге, ұғымдық аппаратты біріздендіруге, туристік инфрақұрылымды дамытуды және қолданыстағы мемлекеттік қолдау тетіктерін рәсімдік тұрғыдан жүйелеуге, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спортын қаржыландыру мен басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Туризм саласын дамытуға қатысты заңмен «гид», «экскурсия жүргізуші», «туризм нұсқаушысы», «туристік ресурстар» және «туризм объектілері» сияқты негізгі ұғымдар нақтыланып, біріздендіріледі. Гидтер мен туризм нұсқаушыларының қызметі кәсіпкерлік нысанына байланысты шектелмейтін болады, бұл құқықтық бейтараптықты сақтап, білікті мамандардың санын арттыруға жол ашады, - деді сенатор Амангелді Есбай.

Уәкілетті органға гидтер, экскурсия жүргізушілер және туризм нұсқаушылары қызметінің қағидаларын, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің шығындарын өтеу әрі субсидиялау қағидаларын, шарттары мен мөлшерлерін бекіту жөніндегі өкілеттіктер нақтыланады. Бұл ретте жаңа қолдау шаралары енгізілмейді, қолданыстағы механизмдер рәсімдік тұрғыдан нақтыланатын болады.

-Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде құжаттарды кезектен тыс ресімдеу және өткізу тәртібін тек тұрақты халықаралық жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын автобустарға ғана емес, туристік операторлар ұйымдастыратын тұрақты емес халықаралық жолаушылар тасымалына да қолдануды көздейтін түзету енгізіледі. Аталған норма рәсімдік сипатқа ие және туристік автобустардың шекарадан өту уақытын қысқартуға бағытталған, - деді депутат.

Сонымен қатар, заңмен еліміздің ойын бизнесін орналастыруға рұқсат етілетін аумақтардың тізбесі кеңейтіледі.

-Бұрынғы Қапшағай, Бурабайдан бөлек, енді Маңғыстау, Жетісу, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының туристік маңызы бар аймақтарында жаңа ойын зоналарының құрылуы өңірлерге инвесторлар мен шетелдік саяхатшыларды тартудың қосымша тетігіне айналады. Бұл ретте заңда маңызды әлеуметтік және экономикалық тосқауыл қойылған: жаңадан белгіленген аумақтардағы ойын мекемелеріне тек шетелдік азаматтардың кіруіне рұқсат беріледі. Мұндай тәртіп ішкі әлеуметтік тәуекелдерді азайта отырып, сыртқы туризмді ынталандыруға, бюджетке түсетін салық түсімдерін арттыруға және халықаралық деңгейдегі сервистік инфрақұрылымның қалыптасуына тікелей ықпал етеді. Мұндай тәсіл халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады. Ойын зоналарының шекараларын белгілеудегі нақтылық пен экологиялық шектеулер бұл саланың табиғи және мәдени мұраларға зиян келтірмей, жүйелі дамуын қамтамасыз етеді, - деді сенатор.

Заңның тағы бір негізгі бағыттарының бірі - балалар мен жасөспірімдер спортын қаржыландыру жүйесін реформалау. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде мемлекеттік тапсырыс енгізіліп, қаражат білім алушылар санына қарай жан басына шаққандағы норматив арқылы ашық және әділ бөлінеді. Бұл балалардың спортпен шұғылдануына қолжетімділікті арттырып, бюджет қаражатының нысаналы жұмсалуын қамтамасыз етеді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері осы спортты дамытуға бағытталған білім беру бағдарламаларын іске асыратын қосымша білім беру ұйымдары ретінде заңнамалық түрде бекітіледі.

-Дене шынықтыру және спорт саласында цифрлық платформа енгізіліп, мемлекеттік спорт субъектілері деректерді платформаға ұсынады. Ақпараттың сапасы, уақтылығы және дұрыстығы үшін жауапкершілік енгізіледі. Бұл басқаруды жетілдіруге, қаржыландырудың ашықтығын арттыруға және аналитикалық шешім қабылдауды қамтамасыз етеді. Тағы тоқталатын мәселе, бюджеттен тыс қаражаттарды бөлудің бірыңғай операторы жыл сайын аудиттен өтіп, қаржылық тәртіп күшейтіледі, - деп нақтылады Амангелді Есбай.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылдың қорытындысы бойынша туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,25 трлн теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 33%-ға артты.