Американың Окленд қаласында (Калифорния штаты) қоймадан шыққан өрттен қаза тапқандар саны 33 адамға жетті, деп хабарлайды Baq.kz.
Қала билігі мерт болғандардың саны әлі де артуы мүмкін екенін ескертті. Өрт сөндірушілер екі қабатты қойманы тексеру кезінде отыздан астам адамның мәйітін тапқан. Алайда олар тек өртенген аумақтың жартысын ғана қарап үлгерген. Құрбан болғандар арасында кәмелет жасқа толмаған жеткіншектер де бар, деп жазады шетелдік БАҚ.
Әзірге тілсіз жаудың неден тұтанғаны белгісіз, алайда әдейі өрт қою болжамы қарастырылып жатқан жоқ.
Естеріңізге салып өтсек, қайғылы оқиға 3 желтоқсанда болды. Төтенше жағдай кезінде өрт шыққан қоймада суретшілердің кеші өтіп жатқан. Ғимарат мерекелік іс-шаралар өткізуге арналмаған және бұл үшін рұқсат та берілмепті. Қазір полиция аталған дерекке қатысты тергеу жүргізіп жатыр.