Мектеп оқушылары орамал тағу-тақпауға қатысты БАҚ тағы жазып жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Оған басты себеп сайттар мен әлеуметтік желілерде «ҚР жоғарғы соты орамал тағуды заңдастырыпты» деген ақпарат болатын. Әсіресе Инстаграм, Тик-Токта түрлі роликтер шығып кетті. Кей сайттар да ақпараттың рас-өтірігін тексерместен жариялап жіберіп, қоғамдағы дауды тағы өршітіп алғандай.
Соттың былай деп таныған тұсы бар: «Мектептің оқушыны сабаққа кіргізбеуі – заңсыз, себебі білім алу құқығы – ҚР азаматтарының негізгі конституциялық құқықтарының бірі». Яғни, кез келген балаға білім алуға рұқсат етілген. Бірақ бұл, «мектепке мектеп формасы деп танылған киімнен өзге киімді киіп келуге рұқсат» дегенді білдірмейді.
Құқық қорғаушы Жаслан Аймағамбетов оқушы қыздың орамал таққаны үшін мектеп қабырғасында білім алуына шектеу қою мәселесін көтеріп, Жоғарғы сотқа жүгінген. Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында соттың шешімін жариялады. Оның айтуынша, мұндай шешімді осының алдында төрт өңірдегі сот та қабылдаған.
«Жоғарғы сот қыз балалардың мектепке орамал тағып келуіне қатысты мәселенің нүктесін қойды. Сот облыстық сот қаулысының күшін жойып, мұндай шектеулер білім алу құқығын бұзатынын мойындады. Балалардың құқықтарын қорғауға бірнеше заңгерлер мен белсенділер қатысты. Әркім өз үлесін қосты», – деді құқық қорғаушы.
Осы ретте сұрақ туындайды. «Егер оқушы қыз мектепке орамалмен келсе онда оны мектепке кіргізбей қоя ма?» деген. Білім алғысы келіп тұрған оқушыны мектеп сабаққа қатыстырады. Өйткені, әр бала білім алуға құқылы. Бірақ бұл мектепке түрлі діни сенімге салып, түрлі діни киіммен келуге болады дегенді білдірмейді. Оқу-ағарту министрлігі бекіткен арнайы мектеп формасына қатысты талаптар бар. Сол сақталуы тиіс. Ол бұйрықтың күші жойылған жоқ, заңды негізде тұр. Мектеп формасына қатысты талап оқушының қай ұлт, қай дін, қай нәсіл, қай жыныс, мұсылман, христиан, буддист, атеист екеніне қарамастан сақталуы қажет.
Саясаттанушы Асхат Қасенғали қоғамда ұзақ уақыт бойы талқыланып келген мәселеге қатысты пікір білдіріп, тек ресми ақпараттарға сенуге шақырды.
"Оқушы мектеп формасына сай емес киіммен келсе, онда заңның бұзылып тұрғанын түсіну қажет. Оған ең алдымен жауапты – ата-анасы! Себебі 18 жасқа дейін баланың жүріс-тұрысына, киіміне, тәрбиесіне, іс-әрекетіне жауапты оның ата-анасы ғой. Демек, заң бойынша сұраудың бәрі ата-анасынан болады. Жауапкершілік солардың мойнында. Қазақстан – зайырлы ел. Әр адам қалаған дінін ұстана алады. Бірақ, мемлекеттің бекіткен заңдарын қатаң ұстануы тиіс. Мектепке де қатысты бекітілген талаптар бар. Ол талаптар бұзылса, ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Себебі бұл жекелеген мектептің қалауы емес, заңдағы норма. Айтпағым, кей сайттар мен БАҚ-тағы «оқушыларға хиджаб кие беруге болады» деген ақпарат жалған. Бұл туралы бүгін Жоғарғы сот та ресми ақпарат таратты. Ресми ақпараттарға сенейік", - деп жазды ол.
Оқу-ағарту министрілігі таратылған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
"Бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде Жоғарғы сот мектептерде орамал тағуды заңды деп тапты деген жалған ақпарат таралуда. Істі қарау аясында Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы білім беру мекемесінде орамал тағудың заңдылығы жөніндегі мәселені талқылауға араласпаған. Кассациялық саты мектептің оқушыны сабаққа жібермеуін заңсыз деп таныды, өйткені білім алу құқығы Қазақстан Республикасы азаматтарының негізгі конституциялық құқықтарының бірі болып табылады. Сонымен қатар, бейінді Министрлікте орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту жөніндегі өкілеттіктер бар. Министрдің тиісті бұйрығы заңсыз деп танылмаған және күші жойылмаған", - делінген хабарламада.
Желі қолданушылардың пікірінше, бұл халықтың көңілін басқа арнаға бұрудың жолы. Себебі алдымызда мағызды саяси іс-шаралар өткелі тұр. Сондықтан қоғамдағы дауды арттыра бергісі келетіндер бар. Шынайы ақпаратқа сенейік. Әлеуметтік желідегі ақпараттың көбі фактчекингті қажет ететінін ұмытпайық.