«Ол не сөз?»: Танымал ақын Сара Тоқтамысова ата-анаға көмектеспе дегендерді қатаң сынға алды

Танымал айтыскер ақын Сара Тоқтамысова бүгінгі күнде кең таралған «бала күндегі травма» деген пікірмен келіспейтінін айтып, ата-анаға көмектеспе деген психологтарды қатаң сынға алды, деп хабарлайды Caravan.kz.

Айтыскер ақын бұл ойымен өзінің желідегі парақшасында бөлісті.

Қазір сәнге айналып кеткен осы бір “бала кезден тарвма бар, ата-ананы ақтау керек” деген нәрселер менің миыма сыймай қойды.

Бұл өмірде травма іздесең травманың көкесін табасың ғой. Өткенді қазбалап ата-ананы кінәлағаннан не пайда?

Кез-келген психотерапевтке барсаң сонау балалық шағыңа апарады. Бала кезіңде анаңның вниманиесін алмағансың, әкең қатал болған, қалаған дүниеңді ала алмағансың” соның бәрі саған травма боп қалған дейді (сол психотерапевттер Бердібек Соқпақбаев атамыздың балалық шағына саяхат жасап келсе не болар екен? Онда өз балалық шағымен жылап көрісетін шығар, иә? Біз бақытты екенбіз ғой дейтіндері анық).

Ал былай қарап тұрсаң оның өзі бір кезең, оның өзі бір тәжірибе шығар. Оның өзі бір дәурен. Ол бір заман. Сол замандағы адамның бәрінің проблемасы да бір. Мәселе проблемаға қалай қарағаныңда боп тұр. Егер оны “мен сондай дүниелерді ала алмадым” деп қарасаң травма болады.

Ата-анаға ренжуден Алла сақтасын. Оларға ренжігенің Аллаға ренжігенің. Тағдырыңа қарсы келгенің емес пе? Өйткені сені осындай ата-анаға Алла берді. Алланың қалауымен болған дүниеге қарсы шықпаңыздар.

Одан кейінгі мәселе - барлық психотерапевт бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай “өзіңе көп жүк алып алғансың. Ата-анаңа бала емес, ата-ана боп кеткенсің. Оларға көмектесе берме” дегенді айтады. Ол не сөз? Егер қолыңнан кеп тұрса ата-анаңа, жақыныңа жәрдемдескеннен асқан кайф бар ма?

Асылдарым, өткенді қазбалап, ата-анамызды кінәлап травма іздегенше көзі тірі тұрса барынша алғысымызды айтып, қолымыздан келгенше көмектесіп батасын алуға тырысайықшы. Травмаңмен алысып, оларды ақтаймын деп сенделіп жүргенде, қолыңды мезгілінен кеш сермеп қалма», - деп жазды ол.

Желі қолданушылары ақынға қолдауға көрсеткен. Олар:


«Дұрыс айтасыз, сөзіңіздің жаны бар», «Қазір осындайлар шынымен көп, бірақ кейбірінің дәл келіп жатады, білмеймін, адамның өзіне байланысты шығар», «Сізбен келісемін, дұрыс айттыңыз» деп жазды олар.