«Олар аман қалып, мен кетіп қалғанда деген ойлар келді»: Нұржан Қалжан достарынан айырылған кезін еске алды

Бұл туралы өнер иесі «1001 түн» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Өнер иесінің айтуынша, жол апатынан кейін дәрігерлер оның енді ән айта алмауы мүмкін екенін айтқан. Алайда ол кезде Нұржан Қалжан үшін дауысынан емес, жанындағы достарынан айырылу ауыр болған.

"2009 жылы жол апатынан кейін дәрігерлер маған ән айта алмай қалуым мүмкін екенін айтты. Өйткені мойныма темір қойылды. Бірақ ән айта алмай қаламын деген сөз қорқытпады. Ол жайында тіпті ойлауға мұршам болмады. Сол жол апатында менің жанымдағы достарым кетіп қалды. Олардың қатарында журналист Руслан Бөлебай да болды. Бір көлікте болдық. Көлікті мен жүргіздім. Достарымнан айырылып қалғаным қатты жаныма батты. Сол кісілер аман қалғанда ғой деп ойладым. Олар аман қалып, мен кетіп қалғанда деген де ойлар келді. Өзімді қатты кінәладым. Ән айту, дауыс деген дүниелер мүлде ойыма келген жоқ», - дейді әнші.

Еске сала кетейік, 2009 жылы 16-шы шілдеде тележүргізуші, әнші Руслан Бөлебай көлік апатынан 24 жасында дүниеден озды.