Зейнет жасына жеткенде қадірі кеткен ұстаз еліміздегі медицина саласын сынға алды. Айтуынша, зейнеткерлерге тегін медициналық қызмет көрсетілген соң, дәрігерлер дұрыс қарамайды. «Өлдім!»-деп талып құласаң да еш бірінің қылы қисаймайды. Зейнеткердің жанайқайын журналист Сәуле Әбілдаханқызы жеткізді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Мен, көп ойланып-толғанып барып, қолыма қалам алып (ұялы телефонымды) басымдағы жағдай туралы (бұл бір менің ғана емес барлық зейнеткердің басында бар жағдай екеніне бек сенімдімін) жазуға бел будым. «Айтпаса сөздің атасы өледі!» ендігі «кәрі қойдың жасындай» ғана жасым қалғанда мені қудаласа да, тіпті атып кетсе де көндім.
«Қарынымның ашқанына емес-ау, қадірімнің қашқанына қиналамын»-депті-ау ілкідегілер. Қазіргі «зейнеткер» зейнеткер емес бейнеткер екен. Бұдан былай солай атаймын. Өйткені, 40 жылдан астам ұстаздық қызмет етіп, бар өмірімнің тең жартысынан көбін және бар денсаулығым мен қажыр-қайратымды өкіметке беріп, өліп-талып, зейнет жасына жеткенде ешкімге қадірің жоқ кемпір мен шал болып қаламыз деп ойлап па едік?! Жас 60-тан асқасын, адам өз бала-шағасынан басқа (олар да жаман болса өле салмасаң басқа амал жоқ) ешкімге керегі жоқ мүсәпір, қадірі жоқ кісәпір күйге түседі екенсің.
Олай дейтін себебім: Түрлі ауру-сырқаудан «Ойға түссем – белім деп, қырға шықсам – тізем»-деп, «60-қа келгенде 60 түрлі бәле жабысады»-демекші бейнеткердің ауырмайтын жері болсашы. Бір сықақшының «Ай, әр жерлерім-ай!» -дейтіні бар еді ғой. Қазіргі таңда дәл сондай болдық.
Бастарыңды ауыртып қайтейін. Содан ауруың көбейгесін, өлгісі келмеген адам «емханаға» барады. Емхана емес - кердең кердең еткен дәрігерлері бар керхана. Бұрын бір шайхана іздеген біреуге бір орыс "Чай не знаю, но хана точно будет!"-депті деген бір қысыр әңгіме бар еді.
Атағы дардай бас қаламыз – Астанаға келіп, 8 жыл сергелдеңге түсіп жүрген кезімізде көшпеген жеріміз қалмады ғой сірә. Бірінші, Жеңіс көшесі, 41-үйде тұрғанымызда №10-қалалық емханаға, Қосшыда (Лесная поляна) тұрғанымызда «Жанұя», одан кейін «Green clinic», М.Жұмабаев көшесіне көшіп келгесін №11-қалалық емханаға қаралдым.
Бейнеткерлер тегін қаралатын болғандықтан ешбірі де дұрыс қарамайды. МӘМСтің ақшасы қайда сонда? Емхананың есігінің алдына барып, «Өлдім!»-деп талып құласаң да еш бірінің қылы қисаймайды. Ал, ақылы клиникаға барсаң асты-үстіңе түсіп, шайыңа дейін құйып беріп, бәйек болады да қалады. Жан керек болса амалсыз бар бейнетақыңды жинап (ол да қайбір мардымды ақша болсын) соған барасың. Қазіргі күні әр қаралғаныма 10 мың теңге төлеп, Желтоқсан көшесіндегі Эндокринологиялық орталыққа Әлібекова Жанар Сайлашқызы деген дәрігерге қаралып жүрмін. Өте білімді керемет дәрігер. Ақылы болғандықтан ба, ол жағын білмедім, бар ынтасымен қызметін қылады. Ауру жан дәрігер берген дәріден емес, дәрігердің көңілінен ауруынан айығады ғой. Ұрпағымен мың жасасын.
Эндокриндік жүйеден (күнде ауруханадан шықпайтын болғасын, барлық медициналық терминдерді жаттап, мен де кішігірім дәрігер болуға жарап қалдым-ау) яғни қалқанша безім ауырып, «Атырау мен Алтайдың арасын жайлаған ұланғайыр даладан» емдейтін орын таппай Тәшкентке баруыма тура келді. Бір барғанда екі бардым. Біздің медицина өзбектікінен 100 жылға артта қалған ба деген ойға қаласың. Ауырып ем іздеген қазақтың бәрі сол жерде жүр. Өзбек дәрігерлердің «Қозоқистонда (Кәзапстан демегеніне шүкір) клиника ёқ ми?»-деп күлгені есімнен кетер емес. Шетке кеткен есіл ақшаны ойлағанда ішің ашиды екен. Ақшасы бар болсын, салып ұрып жетіп барып, емделіп келе берсең «шүкір!» -дейсің ғой. «Түн болды!» деп шекарадан өткізбей, қыстың күні қырауда қазақстанның шекарасындағы жылуы жоқ қонақ үйде ойдай ақша төлеп, тоңғаннан көз іле алмай «қонып», қонып емес-ау, қонғанның ырымын жасап шыққанымды ойласам қазір де жылаймын. Сонда да ауру жаныңа батып бара жатқасын, үшінші рет барайын деп Тәшкенттегі дәрігеріме хабарласқанымда: «Семейде де дәл осындай Ядролық медицина орталығы ашылды, соған қарал, келем десең мен ақшаңды алып, дәріңді ішкізіп жібере беремін. Маған бәрі бір, тек өзің қиналасың,»-дегесін ұялғаннан бармай қалдым.
Бірді айтып, бірге кеттім бе? Айтып, айтпай не керек?! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – өзі ауру халықты сыртқа қаңғытпай, ақшасы жоқты емдемей, елді сандалтпаңыздаршы айналып қана кетейін «Ақ халаттылар»! Бас қаладағы жағдай осы болса, басқа қаладағы жағдайды ойлай беріңіз оқушым", - деп ішіндегісін ақтарыпты зейнеткер.