Олег Крук отставкаға кетті: Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары тағайындалды

Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Олег Крук қызметінен кетті, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы  Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. .

Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша, Павлодар облысы әкімінің өкімімен әкімнің бірінші орынбасары болып Хасар Хабылбеков тағайындалған. Ол энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс мәселелеріне жетекшілік ететін болады. Ал бұрын осы лауазымда қызмет атқарған Олег Крук өз өтініші бойынша қызметінен босатылды.

Хасар Хабылбеков 36 жаста, екі жоғары білімі бар, 2006 жылы Қазақ құқық және халықаралық қатынастар институтын заңгер мамандығы бойынша, 2014 жылы көлік құрылысы мамандығы бойынша Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін бітірген.

Хабылбеков еңбек жолын 2008 жылы мемлекеттік емес құрылымдарда бастаған. 2017-2021 жылдары облыс әкімі аппаратының бас инспекторы, Тереңкөл ауданы және Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары, Ақсу қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарған.