Өлгені өтірік болуы мүмкін атақты сегіз адам

Tviget.net сайты өлгені өтірік болуы мүмкін атақты сегіз адамға тоқталыпты. Соны аударып, Caravan.kz оқырмандарының назарына ұсынғанды жөн көрдік.

1. Элвис Пресли

Рок-н-ролл королі 1977 жылдың 16 тамызында өмірден өтті. Бірақ әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша, АҚШ халқының үштен бірі Элвис тірі, ал моласында оның балауыз бейнесі ғана жатыр деп есептейді екен. Өйткені Преслидің қартайған шағын әлемнің әр қиырынан көргендер бар-мыс. Көптеген адамдар Элвис шоу-бизнес әлемінен жалығып, тыныш жерге барған деп ойлайды. Басқа болжам бойынша, ол өзінің жаман әдеттерінен емделу үшін кеткен.

2. Тупак Шакур

Америкалық рэпер 1996 жылдың қыркүйегінде қастандықпен өлтірілген делінді. Алайда оның да фанаттары Тупак өзін өтіріктен өлдіге санатуды жөн көрген. Сөйтіп, 25 жастағы рэпер көптеген жауларынан жасырынбақ болған. Жұрттың бұлай ойлауына мына жайттар себеп: куәгерлердің сөздерінің бір-біріне қарама-қайшы болуы, денесін сойып тексергендегі фотосуреттің Тупакқа ұқсамауы, сондай-ақ, осы тексеруді жасаған паологоанатомның ізім-ғайым жоқ болып кетуі.

3. Пол Уокер

 «Форсаж» фильмдер сериясындағы рөлдерімен көбірек танымал актер, ресми дерек бойынша, 2013 жылдың 30 қарашасында жол апатынан қаза тапқан. Ал фанаттар бұл мәліметке бірден күмәнмен қарады. Бұған қатысты әртүрлі болжамдарды бос сөз деуге болады. Бірақ бақылау камераларында бейнежазбаның болмауы, Полдың көлігінің нөмірі мен оқиға орнында болған көлік нөмірінің сәйкес келмеуі қарапайым фанаттармен қатар актердің жақындарының да күмәнін тудырып отыр.

4. Джим Моррисон

Ресми нұсқа бойынша, The Doors тобының әншісі 1971 жылдың 3 шілдесінде героинді шамадан тыс қолдану салдарынан қайтыс болған. Топтың фанаттарының көбі Моррисонның өлгені не өтірік, не оны өлтірген деп есептейді. Бірінші болжам рас болса, әнші алаңсыз өмір сүру үшін тыныш жерге кетіп қалған. Ал екінші болжамға салсақ, Джимді 60-70-ші жылдары бар күшін салып хиппиге қарсы күрес жүргізген Федералдық тергеу бюросының тыңшылары өлтірген.

5. Юрий Гагарин


Ғарышқа ең алғашқы болып ұшқан адам 1968 жылдың 27 наурызында аспандағы жаттығу кезінде қаза тапты. Бірақ сол тұста КСРО үкіметінде істегендердің айтуынша, Гагариннің СОКП Бас хатшысымен және оның айналасындағылармен арасы онша болмапты. Сондықтан оның өлгені өтірік деген болжам бар. Оны жұрттың көзінен таса қылу үшін  бір жерге қапам қоюы мүмкін. Тағы бір болжам бойынша, Гагариннің аталған күні өлгені рас, бірақ бұл жазатайым жағдай емес.

6. Майкл Джексон

Бүкіл әлемге танымал әнші, музыкант, биші, альтруист 2009 жылдың 25 маусымында пропофолды шамадан тыс қолдану салдарынан өлген. Ал бұл дәріні оған өзінің жеке дәрігері салған. Майкл өлген болуы да, өлмеген болуы да мүмкін. Қалай десек те, поп королінің турын өткізген компания ол қайтыс болғаннан кейін қомақты өтемақы алды. Оның өзі бір сөзінде қатты шаршағанын, тыныш жерге кеткісі келетінін айтқан. Тіпті оның соңғы туры «That is it» («Осымен бітті») деп аталды.

7. Усама бен Ладен

Бен Ладеннің өлгені туралы хабар 2001 және 2010 жылдар аралығында алты рет тарады. Енді оның жетіншісі қалай рас болып шығады? Ресми мәлімет бойынша, №1 лаңкес Пәкістанда өз бас сауғалап отырған жерде арнайы операция барысында өлтірілген. Денесін теңізге лақтырып тастапты. Өйткені АҚШ-тың арнайы қызметтері Усама бен Ладеннің моласы бүкіл әлемнің лаңкестері барып тәу ететін жерге айналып кетпесін деген. «Әл Қаида» басшысының өлі денесін ешкім көрмегендіктен, қаза тапқаны өтірік деген болжам пайда болды.

8. Адольф Гитлер

Екінші дүниежүзілік соғысты бастаған қандықол диктатор 1945 жылдың 30 сәуірінде у ішіп, сосын өз-өзін басынан атып өлген. Солай деп тарих оқулықтарында жазылды. Ал фюрердің айналасындағылар оның өзіне қол салғанына сенген жоқ. Мынадай болжам бар: Гитлер мен оның әйелі Ева Браун бункерде өздеріне ұқсас адамдардың мәйітін қалдырып, бой тасалап кеткен. Сөйтіп, екеуі де өмірінің соңына дейін басқа есіммен жүрген көрінеді.