Саяси науқанға түсетін депутаттар құрамы да анық болды. Мәселен, облыс мәслихатына 43 мандат, қалалыққа - 73, ал аудандық мәслихатқа 205 депутат сайлануы тиіс. Халық қалаулысы болғысы келетін үміткерлер арасында олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да бар.
Олимпиада жүлдегері Ольга Рыпакова үшін басты жарыс - Рио-де-Жанейрода өтетін жарыс. Спорт саңлағы байрақты бәсекеге барын салып дайындалып жатыр. Ал облыстық мәслихатқа үміткер ретінде ұсынылғанын естігенде, сәл қобалжығанын жасырмайды. «Әріптестерімнің де пікірі әртүрлі болды», - дейді Олимпиада чемпионы.
«Біреулер "депутаттықтың не керегі бар, сен спорт адамы емессің бе, саясаттан не түсінесің?" деді. Ал кейбіреулері, маған сенім артып, "келешегің үшін жақсы қадам жасап жатырсың" дегенді айтты, - дейді Ольга Рыпакова.
Шығыс Қазақстанда Олимпиада чемпионы қоғамның белсенді мүшесі ретінде танымал. Ол еңбек ұжымдары мен жас буын өкілдерімен жиі кездесулер өткізіп тұрады. Тіпті, Ольга - өзінің табандылығы мен төзімділігінің арқасында Өскемендегі жеңіл атлетика манежінің құрылысын алғашқы сәттен бақылауға алғандардың бірі. "Дәл осындай, белсенді, ойлы жастар облыстық мәслихаттың құрамында болу қажет", - дейді бірнеше шақырылымның депутаты Майраш Екібасова.