Құжат негізінен қазіргі заманғы үрдістерді, спорт саласына қойылатын талаптарды ескере отырып, заңнаманы жетілдіруді көздейді. Бұл ретте агенттік әлемдік тәжірибені зерделеп, әсіресе бұқаралық спортты дамыту мәселелерін реттеудің басты қағидаттарына назар аударған. Осыған орай, құжаттың негiзгi мақсаты дене шынықтыру мен спорттың тұрақты жүйесiн және осы салада тиiмдi мемлекеттiк басқаруды құруды қарастырады. Бұдан бөлек, мемлекеттiк және қоғамдық институттардың өзара бiрлескен iс-қимылдарын, допингтiк құралдарды пайдалануға қарсы әрекет және дене шынықтыру мен спорттық iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбiн жүйелендiру бойынша құқықтық тетiктердi белгiлеу қарастырылады. Сонымен қатар, заң жобасында дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілеттi органның құзыретi нақтыланады.
Спорт федерацияларын аккредиттейтiн институт енгiзiліп, материалдық көмекті алу құқығы бар адамдардың - Паралимпиадалық және Сурдлимпиадалық ойындардың чемпионы атанған мүгедек спортшылардың тiзiмi кеңейтiлдi. Бұдан бөлек, заң спортшыларға ҚР Мемлекеттiк Әнұранын бiлудi мiндеттейді.
Сонымен қатар, құжат әуесқой, сол секілді кәсіпқой спорт ретіндегі спорт федерациясының құқықтары мен міндеттері бекітіледі. Спорттың паралимпиадалық және сурдлимпиадалық түрлері бойынша спорт жарыстарында тең жағдай жасау үшін олардың функционалдық мүмкіндіктерінің деңгейі бойынша мүгедек спортшылардың сыныптамасы енгізіледі.
Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері атағын жеңіп алған спортшыларға тұрғын үй беру жөніндегі нормалар да көзделіп отыр. Бұдан бөлек, мүгедек спортшыларды жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ынталандыру шаралары қарастырылады. Соның ішінде Паралимпиадалық және Сурдлимпиялық ойындарының чемпиондары мен олардың жаттықтырушылары өмір бойы ай сайынғы материалдық қамтамасыз етуге құқығы бар тұлғалар тізбесіне енгізілетін болады. Сонымен қатар, Паралимпиадалық және Сурдлимпиялық ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері тұрғын үй алуға құқығы бар Олимпиадалық ойындардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне теңестіріледі.