ОЛИМПИАДА-2012: Екі боксшымыз финалда - он бесінші күннің қорытындысы

Лондон Олимпиадасының финалына екі боксшымыз өтіп, тағы бірі еліміздің қоржынын «қола» медальмен толықтырды. Ұлттық спортымыздың біріне айналған бокс ешқашан Қазақстанды «алтын» медальдан құралақан қалдырған емес. Биылғы бәсекеде де біздің қанжығамыз майланбай қайтпасын ішіміз сезіп отыр.

Кеше Лондон шаршы алаңына көтерілген боксшымыз Серік Сәпиев ресейлік азулы қарсыласын сан соқтырып, Лондон Олимпиадасы «алтыны» үшін жұдырықтасуға мүмкіндік алды. 69 келі салмақ санатында жекпе-жекке шыққан Серік алғашқы раундты 4 ұпай басымдықпен аяқтаған еді. Дегенмен келесі кезеңде жинақылық танытқан ресейлік есепті қысқартып қана қоймай, екі ұпаймен алға озып кетті. Бірақ шешуші кезеңде шабуылды үдеткен біздің былғары қорғап шеберіміз Андрей Замковойдың финалға шығуына еш мүмкіндік бермеді, қорытынды есеп - 18:12. Сәпиев финалда. Естеріңізге сала кетейік, С.Сәпиев 1/8 финалда жапондық Ясухиро Сузукиді, ал ширек финалда венесуэлалық боксшы Габриел Маэстрені айқын басымдықпен ұтқан болатын. Серік Сәпиев финалдық кездесуін британдық Фрэдди Эванске қарсы өткізеді.

Серік Сәпиев Қарағанды облысының тумасы. 11 жыл бойы боксты жанына серік еткен 28 жастағы Серік екі мәрте Әлем чемпионы (2005, 2007 жылы), Азия чемпионы (2007, 2009 жылы), Азия ойындарының чемпионы (2010 жылы) атанған. Жолдаманы өткен жылы Бакудегі Әлем чемпионатында екінші орынды иеленгені үшін алды.

Екінші боксшымыз Әділбек Ниязымбетов те кешегі жекпе-жекте қарсыласына басымдық танытып, финалға шықты. Олимпиада ойындарында 81 келі салмақ санатында жұдырықтасқан Әділбек Ниязымбетов жартылай финалда украиндық Александр Гвоздюкті жарыс жолынан шеттетті.

Үш кезеңде де боксшылар тең жұдырықтасты, есеп - 13:13. Дегенмен үшінші раундта Әділбектің қарсыласынан сәл басымдық танытуы, төрешілердің оған жеңісті алып беруіне себеп болды. Осылайша бүгін Тұманды Альбион төрінде екі боксшымыз финалдық кездесуге жолдама алды. Айта кетейік, Әділбек 1/8 финалда эквадорлық Карлос Гонгора Меркадоны, ал ширек финалда ирандық Эхсан Роузбаханиді ұтқан болатын. мӘділбек Ниязымбетов Бакуде бокстан болған Әлем чемпионатында Қазақстан үшін бірінші олимпиадалық жолдаманы таза нокаут арқылы ұтып алған еді. 21 жастағы ақтаулық боксшы еңбек сіңірген спорт шебері. Ол 2007 жылы өткен халықаралық турнирде, 2008 жылы республикалық турнирде, осы жылы «Азов теңізі кубогі» халықаралық сайысында, 2009 жылы «Жібек жолы» халықаралық турнирінде 1-ші орынды иеленген. Олимпиада қарсаңында осы спортшы жайында пікір білдірген М. Айтжанов: «Меніңше, ол коммуникабельді, әр қадамын есептей алатын, сондай-ақ техникалық тұрғыда сауатты боксшы. Біздің ойымызша, Бакуге оны ертіп барғанда қателескен жоқпыз. Бұл сайыста Әділбек күміс жүлдені алды. Оған сәл-пәл дайындық жетіспеді. Меніңше, алдағы уақытта оны физикалық тұрғыда шыңдай түсеміз. Ол Лондонда жоғары нәтиже көрсетуі тиіс», - деген еді. Расында да қазірдің өзінде Әділбек тамаша нәтижеге қол жеткізіп отыр. Енді одан Олимпиада «алтынын» күтеміз. Әділбек Ниязымбетов финалда ресейлік Егор Мехонцевпен Олимпиада «алтын» медалін сарапқа салады.

Ал жартылай финалда 91 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан боксшымыз Иван Дычко британдық спортшы Энтони Джониге есе жіберді. Бастапқы екі раундта қос боксшы да тең жұдырықтасып, есеп 8:8 болып аяқталған еді. Ал үшінші раундта біздің боксшының сермеген жұдырығы қарсыласына дөп тиіп жатса да, қараулық танытқан төрешілер Иванды британдыққа жығып берді. Естеріңізге сала кетейік, 1/8 финалда И.Дычко қарсыласы германиялық Эрик Пфайферді бірінші раунда-ақ нокдаунға жіберген болатын. Дегенмен немістің тәжірибелі боксшысы есін жиып, жарысты соңына дейін жалғастыра алды. Ал 21 жастағы Қазақстан ұлттық құрамасының күрзі жұдырық жігіті 14:4 есебімен жеңіске жетіп, келесі айналымға шыққан еді. Ал ширек финалда канадалық Саймон Кейнді жүлдесіз еліне қайтарған болатын.

«Қоладан» алқа тағынатын мүмкіндікті кеше еркін күресші Дәулет Ниязбеков қолынан сусытып алды. Д.Ниязбеков қолдағы «қоланы» корейге берді... Олимпиада «қоласы» үшін корейлік палуанмен айқасып, ұтылып қалды.

Бұның алдында біздің спортшы финал жолдамасы сарапқа салынған белдесуде ресейлік Жамаль Отарсұлтанға есе жіберген еді. Ал Дәулетпен қола үшін белдескен палуан Кионг Янг жұбаныш белдесуінде намибиялық боз кілем шеберін жарыс жолынан ығыстырған болатын. Міне, осы жұбаныш белдесуі арқылы қолаға үміт артқан корейлік біздің спортшыға еш мүмкіндік бермей, таза ұтып кетті.
55 келі салмақ санатында боз кілемге шығып, Қазақ елінің намысын қорғап жүрген Дәулет Ниязбеков 1989 жылы дүниеге келген. Қызылорда облысының атынан өнер көрсетеді. Халықаралық санаттағы спорт шебері. Қазақстанның екі дүркін чемпионы, 2011 жылы Ыстамбұлда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Ал 74 келі салмақ санатында боз кілемге көтерілген тағы бір палуанымыз Әбдулхакім Шәпиев жартылай финалда венгерлік палуанға есе жіберді.

Лондон Олимпиадасында көркем гимнастика сайысына қатысқан Анна Алябьева біліктілік кезеңінен аса алмады. Кешегі жарыста ол үшінші жаттығуда 25.250 ұпай және төртінші сайыста 27.400 ұпай жинап, жалпы есепте 15-орынды иеленді. Бұл оның финалға өтуіне мүмкіндік бермеді.

Кеше 10 шақырым қашықтықта ашық суда жүзуден өткен жарыста жерлесіміз Юрий Кудинов 22-орында келді. Ю.Кудинов 25 шақырым қашықтықта 2007 жылғы Әлем чемпионы. Ол Ла-Манш бұғазын жүзіп өтіп, адамзат тарихында бұғазды жүзіп өту уақыты бойынша үшінші көрсеткіш көрсеткенін айта кету керек.

Жеңілістің ащы дәмін таэквандошы Гүлнафиз Айтмұхамбетова да алғашқы кездесуінде-ақь татты. 67 келіге дейін іріктеу сынында ол Словения спортшысы Франка Аникпен жекпе-жек өткізген болатын. Тартысты додада қазақстандық спортшының жолы болмады. Жекпе-жек 11:15 есебімен словениялық таэквандошының басымдығымен аяқталды.

Лондон Олимпиадасында 200 метрге кайякпен жарыста Наталья Сергеева өз жарысын жартылай финалмен тоқтатты. 36 жастағы Н.Сергеева 42.602 секундта мәре сызығын кесіп, өз тобында жетінші орын, ал жалпы тізім бойынша 24 спортшының ішінде 19-орынға қол жеткізді.

Байдарка жарысында оның соңын іле жарыс жолына шыққан қазақстандық жұп Евгений Алексеев пен Алексей Дергунов Олимпиада ойындарының жартылай финалына өте алмады. Іріктеу сынында қазақстандық жұп 34,254 секунд көрсеткішімен өз тобында 6-орын алды. Енді олар 9 және 16 орындар алғандардың арасында жұбаныш финалында өнер көрсетеді.

Ал 200 метрге каноэмен жарыста 29 жасар Алексей Дядчук финалға жолдама алды. А.Дядчук 42,359 секундта мәре сызығын кесіп, өз тобында 5-орынға қол жеткізді. Финалдық жарыстар бүгін, 11 тамызда Астана уақытымен 14.47 сағатта басталады.

Айтпақшы айта кететін жайт, кеше Ақмола облысына іс-сапармен барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық атлеттердің еліміздің алған медальдар саны бойынша бірінші ондыққа кіретінін қамтамасыз ететініне сенімін білдірді. «Биылғы жылы спортшыларымыз қуантты. Жалғыз естігім келгені - Қазақстан Әнұраны болды. Енді оны бүкіл әлем естіді - Қазақстанда алты алтын медаль бар. Біздің спортшыларымыз бірінші ондықта болуы мүмкін», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Бірінші ондық межесі Қазақстан спортшылары үшін үлкен жетістік. Барша әлем жұртшылығы біздің бұл жетістігімізге таңдана да тамсана да қарайды. Ендеше спортшыларымызға алдағы жарыс күндерінде одан да жарқын жеңістер тілейміз!