Олимпиада-2012: он екінші күннің қорытындысы

Екі күн қатарынан «қола» жүлдеге қол жеткізіп жүрген Қазақстан кешегі жарыс жолында тағы бір «қола» медальды қанжығаға салды.

Атап айтқанда, қазақстандық балуан қыз Гузель Манюрова төрт жылда бір келетін ең басты спорт бәсекесінде үздіктердің қатарында екендігін дәлелдеп, үшінші орын алды. Боз кілемге 72 келі салмақ санатында көтерілген палуанымыз Гузель Манюрова Олимпиаданың «қола» медалі үшін қытайлық Джиао Вангпен белдесіп, жеңіске жетті.

Естеріңізге сала кетейік, Гузель 1/8 финалда жапондық Кийоке Хамагучиді 10:2 есебімен ұтқан болатын. Ал ширек финалда ресейлік спортшы Наталья Воробьевадан таза ұтылып қалған еді. Дегенмен, ресейлік боз кілем шебері финалға шығып, сондықтан да біздің палуан жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алды. Ал жұбаныш белдесуінде украиндық Катерина Бурмистрованы жүлде жолынан ығыстырған Гузель Олимпиада қоласы үшін өткен белдесуде қытайлық Джиао Вангтен басым түсті.
Саранск қаласында 1978 жылы дүниеге келген Г.Манюрова - бұрын Ресей намысын қорғаған белгілі спортшы. Көптеген жарыстарда атой салған, соның ішінде Еуропа чемпионы, Афиныда өткен 2004 жылғы олимпиаданың күміс жүлдегері, 2010 жылы Үндістанда еркін күрестен өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанған, Азияның үш дүркін чемпионы. Лондон Олимпиадасының жолдамасын 2011 жылы Ыстамбұлда өткен Әлем чемпионатында ұтып алған болатын. 2010 жылдың 1 сәуірінен БҚО олимпиада резервтерін даярлау орталығында жаттығады.

Осы күні жүлде алады деп пішкен спортшыларымыздың бірқатары жарыс жолынан шығып қалды. Ең басты үміттеріміздің бірі Марина Аитова аяғының сіңірі тартылуы салдарынан додаға қатыса алмай, жарысты тастап шықты. Осынау маңызды жарыс кезінде жарақат алу үлкен өкініш.

Ал Лондон Олимпиадасында ескек есуден жекелей сындарда өнер көрсеткен қазақстандық спортшы Наталья Сергеева медальға қол жеткізе алмады. Ақтық сында өнер көрсеткен ол өз тобында 5-ші орынға ие болды. Жалпы есеп бойынша Н.Сергеева 13-ші орынға ие болды. Бұл жарыста алтын медальды Мажарстанның спортшысы иеленсе, күміс пен қоланы Украина мен Оңтүстік Африка Республикасының ескек есушілері жеңіп алды.

Онсайысшы Дмитрий Карпов Лондон Олимпиадасында 18-орынға ғана қол жеткізе алды. Бұл шамасы оның мансабындағы ең төмен көрсеткіш болса керек. Онсайыста бірінші және екінші орындарды АҚШ атлеттері иеленді.

Дегенмен кеше 800 метр қашықтыққа жүгіретін қазақстандық желаяқ Маргарита Мұқашева жартылай финалдық сынға жолдама алды. Естеріңізде болса, іріктеу сайыстарында жерлесіміз 800 метрді 2,2 минөттің ішінде жүгіріп өтіп, алты топтың қорытындысы бойынша он бесінші орынға көтерілген. Бұл жарыста ең үздік көрсеткіш америкалық Алисия Джонсон Монтананың еншісінде. 800 метрді ол 2 минөттің ішінде жүгіріп өтті.

Осылайша тек «қола» ұтқан Қазақстан бейресми есепте тағы бір саты төмен сырғыды. Ал тағы бір Олимпиада «алтынын» еншілеген Австралия құрамасы біздің құраманың алдын орап, 10-шы орынға жайғасты.

1 United States of America 39 25 26 90

2 Peoples Republic of China 37 24 19 80

3 Great Britain 25 13 14 52

4 Russian Federation 12 21 23 56

5 Republic of Korea 12 7 6 25

6 Germany 10 16 11 37

7 France 8 9 12 29

8 Hungary 8 4 3 15

9 Italy 7 6 6 19

10 Australia 6 13 10 29

11 Kazakhstan 6 0 3 9

Алайда, төртжылдықтың басты жарыстарының аяқталуына әлі бірнеше күн бар. Бұл қазақстандық жанкүйерлер әлі жарқын жеңістерге куә болуына уақыт бар деген сөз. Отандық атлетшілерден жақсы хабарлар болатынына сенім білдірейік!