Қазақстандық спортшыны бірден таныған Abrama Skaidrite мен Aizstrauts Igors оның Олимпиададағы өнерін тамашалап, жарыс кезінде жанкүйер болғандарын айтты, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
23 тамызда мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді. Спортшы Медеу ауданындағы Самал-2 шағын ауданында орналасқан №382 сайлау учаскесіне келді.
Осы сәтте учаскеде Латвиядан келген халықаралық байқаушылар Abrama Skaidrite мен Aizstrauts Igors та болған. Олар Шайдоровты бірден танып, Олимпиада ойындарындағы өнерін көргендерін айтып, қазақстандық спортшыға жанкүйер болғандарын жеткізді.
Шетелдік байқаушылар үшін Олимпиада чемпионымен Алматыда жүздесу күтпеген әрі жылы сәт болды.
Бірнеше ай бұрын Михаил Шайдоровтың Олимпиададағы өнеріне бүкіл Қазақстан көз тікті. 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы алтыннан алқа тағып, ел мерейін үстем етті. Оның жеңісінен кейін Олимпиада төрінде Қазақстанның көк байрағы көтеріліп, Әнұраны шырқалды.
Бүгін чемпион Медеу ауданының тұрғындарымен бірге сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.
№382 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Атханова Эльмира Бектұрғанқызы бұл жүздесу күннің есте қалар сәттерінің бірі болғанын айтты.
«Михаил Олимпиадада өнер көрсеткенде барлығымыз жанкүйер болдық. Оның жеңісінен кейін көк туымыз көтеріліп, Әнұранымыз шырқалған сәтті бәріміз мақтанышпен қабылдадық. Бүгін Михаилдың біздің учаскеге келіп, дауыс бергеніне қуаныштымыз. Латвиядан келген байқаушылар да оны бірден танып, Олимпиададағы өнерін көргендерін, сол кезде жанкүйер болғандарын айтты. Қазақ спортшысының жетістігін өзге елдің азаматтары да біліп, құрметпен айтып отырғаны көңіл қуантады. Спорттың ел мен жер талғамай, адамдарды жақындастыратыны осындай сәттерде анық көрінеді», — деді Эльмира Атханова.
№382 сайлау учаскесінде таңнан бері дауыс беру белсенді жүріп жатыр. Медеу ауданының тұрғындары учаскеге үздіксіз келуде. Сайлаушылар қатарында жастар да, аға буын өкілдері де бар.
Бірнеше ай бұрын Михаил Шайдоровқа Олимпиадада жанкүйер болған латвиялық байқаушылар бұл жолы қазақстандық чемпионмен Алматыда жүзбе-жүз кездесті.
Айта кетейік, бүгін, 23 тамызда, Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. 145 депутаттық мандатқа жеті саяси партиядан 545 кандидат тіркелген.