Жазира Таубалдинованың айтуынша, олар Сеулге әкесімен бірге медициналық тексеруден өту үшін және Олимпиада ойындарын тамашалау үшін келген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астана тұрғынына сілтеме жасап. Олардың онда жүргеніне екі күн болған.
"Біз 10 ақпанда келдік. Өз қаражатымызбен тексерілуге және соған қоса Олимпиада ойындарын тамашалау үшін келдік. Сенбіден бері әуежай аумағында жүрміз. Үстелдерде ұйықтап, асханадан тамақ ішіп жатырмыз, алайда ас мәзірінің көп тамақтарын жей алмаймыз. Барып қайтатын билеттерді, қонақүй бронын көрсеттік, алайда бізді өткізбейді. Себебін де түсіндірмейді. Билеттеріміз бен төлқұжаттарымызды алып алды. Бізді жертөлеге жіберді, шамамен 20-30 шақты қазақстандық азамат осы жерде жүр", - дейді қыз бала.
Қыздың айтуынша, көптеген қазақстандық бүгін елге қайтып ұшып кеткен.
"Әкеміз екеуіміздің ертең Астанаға билетіміз бар. Көбінің қайтатын билеті жоқ. Оңтүстік Кореядағы Қазақстан елшілігіне хабарласа алмай отырмыз", - дейді Жазира.