Өлместің күйін кешіп отырған Өрікті ауылы ішерге су таппай отыр

Бүгін мына200 адам еріккеннен болмаса, зеріккеннен жиналған жоқ.  Тура Алматы іргесінде тұрса да Өрікті ауылы өлместің күйін кешуде. Өйткені ішетін қара су қат. 700-ге жуық шаңырақтың таза тіршілік нәрінен қағылғанына талай жыл болған. Таудың етегін жайлаған жұрттың кері “шын жыласа соқыр көзден де жас шығадыға” саяды.

Серік Нұрғожаев, Өрікті ауылының тұрғыны:

-Өңшең қолынан жұмыс келетін жастар жұмыста, бұл жерде қаламыз тек қарттар өңшең. Солар келгенше қыстың күні өрге қарай су тасимыз. 200-300 метр жерге тәшкемен су тасимыз. Қаншама рет сүрініп жығылдым мен 71-ге келген шал.

Серік ақсақалдың аптығып айтқаны – қыстың көзі қыраудағы су тасудың машақаты. Жаздағы жайт та осылай. Қара суға қанбай қаталаған қараша көрші ауылдардан су сұрап алақан жайып кетеді. Бау-бақшадағы өсімдіктер қурап біткен. Сондықтан жұрттың оған қарауға да құлқы жоқ. Бар суды шелекке жинап қояды. Қанша тәулік тұрса да шөлдегенде ішеді амалсыз. Іш ауырады, құрт, бақа-шаяны қоса шығады. 

Мұсат Адал, Өрікті ауылының тұрғыны:

-Халықтар флягтарын сүйрейді, машинасы барлар машинамен тасиды, анау Есіктен әкеледі. Таппағаны Талғарға дейін барады. Машинасы жоқтар су шығып тұрған колонкада қалың тізілген адамды көресіз.

Жалғыз колонканың жыры тіптен басқа, жұрт оның басында қара су үшін жаға да жыртысады. Ал жергілікті биліктегі бөріктілердің Өріктінің жағдайына қатысты жауабы тіптен қарынды ашырады.


Марат Бердіалиев, “Есік су құбыры” МКК директоры:

-“Ақбұлақ” бағдарламасы бойынша жалпы бағдарлама 2030 жылға дейін есептелген. Жобалаушы компания сараптамадан өткіздік деп отыр. Бірақ ол ақшаны Үкімет бөледі.

-Жылда осылай уәде береді. Осылай жынды қылады адамды.

-Өріктідегі өлместің күйін кешкен өлермен жұрттың су алу үшін таң атысы кеш батысы сағаттап кезекке тұратын жалғыз сутүтігі мынау. Төзімдері түгесілгендері бүгінгідей арыздарын айтады, табандылық танытқандары үйлеріне қара суды арбалап қайтады. Кенезелері кепкен Өріктідегі жұрттың басына бұйырған жалғыз колонканы көп көргендей, іргедегі 2-3 ауылдағы қараша да таң атысымен осында жетеді. Шөлдерін басып кетеді екен. Дәтке қуат десе болатындай, жергіліті шенеуніктер Өріктіге толықтай таза су алдағы 20 жылдықта жетеді деп сендірді.