Ал Өркеннің туған анасы Айжан Қыдырмолданова Фейсбукке жақында ғана тіркелді, деп хабарлайды Caravan.kz тілшісі. Сосын ол бірден өз парақшасына ұлына қатысты көлемді жазба жариялады. Онда Айжан баласын неліктен бұрынғы күйеуінің қолына бергенін айтқан.
«Мен ұзақ ойлана келіп, жеті жылдан кейін (ажырасқаннан кейінгі уақытты айтса керек – ред.) тұрмысқа шықтым... Жұбайым ұлымды бірден қабылдады. Олар қатты достасып кетті. Өркен оны әке дейтін болды. Өзім жүкті болып, тағы бір ұлды күтіп жүрдім. Бірақ өмір деген бұралаңға толы. Тұрғылықты баспанамыз, тұрақты жұмысымыз болмады. Әр жаққа көшіп-қонып жүрдік. Күйеуімнің жұмысына байланысты қаладан қалаға ауыстық. Өзім сәбиіме қарап отырғандықтан, жұмыс істемедім. Сөйтіп жүргенде, Өркеннің оқитын кезі келді. Сол сәтте оның әжесіне көмек сұрап бардым... Әжесімен сөйлесіп, мен бір жерге тұрақты орналасып алғанша, бала соның қолында болсын деп келістік. Осыдан кейін ұлыма алаңдамайтындай болдым. Өйткені ол туыстарымен бірге ғой. Каникулын менімен бірге өткізеді деп те келістік. Перзентінен жырақта жүру қай анаға оңай тиеді дейсіз. Қатты қиналдым. Бірақ өмір солай. Содан оны өзіме біржола алып кете алатын кез де келді. Тек каникулды күтуіміз керек-тін. Ұлымды соңғы рет жаңажылдық каникул кезінде көріп, құшағыма қысқан едім. Мен оған: «Жаным-ау, шамалы ғана шыда. Көктем жақындап қалды. Үйді салып бітірейік. Сосын каникул кезінде сені алып кетеміз» дедім» деп жазыпты Айжан.
Ол Өркеннің өлімі үшін бұрынғы күйеуін кінәлайды. «Балам өз әкесінің қателіктері мен жүргіштігінің кесірінен ажал құшты» дейді А.Қыдырмолданова. Қайғы жұтқан ана ұлын әжесіне сеніп тапсырғаны үшін өзін де ешқашан кешірмейтінін айтады. «Шалағай ісім үшін жазамды алдым» дейді ол.
Айжан кейінгі бір жазбасында ұлының бес жасқа толғанын атап өтер алдында түсірген фотоларын жариялаған. Оған: «Өркен бес жаста. Достарын күтіп отырмыз! Бақытты кездер еді. Қатты сағындым!» деп жазыпты.
Тергеушілердің болжауынша, Өркен Азаматұлының өгей шешесі – Айдана Ақбердиева оны күйеуі мен енесінен (яғни Өркеннің әкесі мен әжесінен) кек алу үшін өзінің туған балаларына өлтірткізген. Мұны баланың туған әкесі де расталды. Ол екінші әйелімен ажыраспақ болған екен. Ал Айдана бұған қарсылық білдірген.