Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Отырысқа қатысушыларға арнаған сөзінде Премьер-министр Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан маңызды саяси кезеңнен өтуде. 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумда азаматтар жаңа Конституцияның жобасы бойынша дауыс береді. Жаңа Конституция Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Әділетті әрі Қуатты Қазақстан құруға бағытталған ауқымды саяси реформаларын айқын көрсетеді. Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздің орнықты экономикалық өсуін қамтамасыз ету арқылы азаматтардың табысын арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту. Осы мақсатқа жету үшін жаңа инвестициялық циклді толыққанды іске қосуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар 19 ақпанда Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысының ерекшелігіне назар аударылды.
«Кеше Мемлекет басшысы Бейбітшілік кеңесінің бірінші отырысына қатысып, АҚШ Президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бастамасына қолдау білдірді. Қазақстан Газаны қалпына келтіру үдерістеріне қатысуға мүдделі. Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынастардың орнықты дамуы Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді», — деп атап өтті Премьер-министр.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонда жаһандық аренада сөйлеген сөзі әсерлі болды. Біз бүгінгі таңда жоғары деңгейде орныққан екіжақты қарым-қатынастарымыздың одан әрі кеңеюін күтеміз. Коммерциялық ынтымақтастығымыз 2025 жылы рекордтық көрсеткішке жетті. Тек 2025 жылдың 4-тоқсанының өзінде қазақстандық және америкалық компаниялар арасындағы мәмілелер көлемі $17 млрд-қа жетті. Бұл нәтижелер біздің көзқарасымыздың бір екенін және екі елдің экономикалық өсімін көрсетеді, оның игілігін халқымыз көрмек, сонымен бірге өзара қарым-қатынасымыз нығая түседі», — деді АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули М. Стаффт.
Отырыста шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты кеңейту, ұзақмерзімді капиталды, технологияларды және үздік халықаралық тәжірибелерді тарту, бизнес үшін ашық және болжамды орта қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды.
Инвестор-компаниялардың өкілдері инвестициялық өзара іс-қимылдың оң динамикасын және салық реформасы шеңберінде болжанатын әрі реттеуге келетін орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Инфрақұрылымды дамытуға, цифрландыруға, өндірісті локализациялауға, озық технологияларды енгізуге және тұрақты экономикалық өсімге бағытталған ұзақ мерзімді әріптестіктерді қалыптастыруға баса назар аударылды.
Көтерілген мәселелер бойынша Қаржы және Сыртқы істер министрліктерінің басшылары пікір білдірді.
Премьер-министр Олжас Бектенов халықаралық әріптестермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және қолайлы инвестициялық ахуал құруға бейілді екенін атап өтті. Жаһандық технологиялық тізбектерді қалыптастыру шеңберінде Үкімет халықаралық технологиялық компанияларды ынтымақтастыққа тартуға және серпінді цифрлық жобаларды жүзеге асыру үшін инфрақұрылым құруға ден қояды. Жауапты мемлекеттік органдарға Америкалық сауда палатасымен бірлесіп алдағы жұмыстарда жиында айтылған бастамалар мен бизнес ұсынымдарын ескеру тапсырылды.