Анықтама: Өткен жылы қытай компанияларымен Инвестициялар туралы келісімдер жасалды және бүгінгі таңда үш қалада жалпы құны 293,3 млрд теңгені құрайтын қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату саласында зауыттар құрылысы басталды. Жалпы қуаты тәулігіне 4,5 мың тонна қалдықты құрайтын нысан 134 МВт электр энергиясын өндіріп, 300-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашады.
Алматыда Junxin Environmental Protection компаниясымен бірлесіп тәулігіне 2000 тонна коммуналдық қалдықтарды (жылына 730 мың тонна) кәдеге жарату және 60 МВт электр энергиясын өндіретін зауыттың құрылысы жүргізілуде. Инвестиция көлемі – 145,5 млрд теңге.
Астанада EAST HOPE компаниясы тәулігіне кемінде 1500 тонна коммуналдық қалдықтарды (жылына 550 мың тонна) энергетикалық кәдеге жаратуды және кейіннен 50 МВт электр энергиясын өндіруді көздейтін жобаны жүзеге асыруда. Тартылған инвестициялардың жалпы сомасы 94,4 млрд теңге.
Шымкент қаласында Shaanxi Construction Engineering Kazakhstan Co., Ltd тәулігіне 1000 тонна коммуналдық қалдықтарды (жылына 360 мың тонна) кәдеге жарату, кейіннен 24 МВт электр энергиясын өндіретін зауыт салынуда. Шамамен 54 млрд теңге инвестиция тартылды.
Қазіргі таңда Ақтөбе, Атырау, Қарағанды және еліміздің басқа да қалаларында осындай жобалар қарастырылуда.