Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айтылған экономиканы әртараптандыру және басым салалардағы инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуы тексерілді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Индустриялық парк аумағында Премьер-министрге Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндалды. Қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Астананың ЖӨӨ көлемі 5,5 трлн теңгеге жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен 7%-ға асып түскенін хабарлады. Жалпы өңірлік өнім құрылымында шағын және орта бизнестің үлесі 72%-ды құрайды. Биылғы 10 айда Астанаға шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды, бұл ретте өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 7%-ға өсті.
Олжас Бектенов импортқа тәуелділікті азайту және жоғары технологиялық өнімнің экспортын ұлғайту мақсатында жағдай жасау үшін мұндай өндірістердің маңызын атап өтті. Қазіргі уақытта Digital System Service тауарлар желісі Қазақстан нарығында кеңінен ұсынылған. Компанияның даму жоспарында шетелдік нарыққа шығу қарастырылған, оның ішінде Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Араб елдері бар.
Премьер-министр темір жол машинасын жасауды дамытуға, жаңа өндірістік және сервистік объектілерді құруға инвестициялардың өсуінің оң үрдістерін атап өтті. Мұндай жобаларды іске асыру Мемлекет басшысының алға қойған міндетіне сәйкес Қазақстанның көлік-логистикалық хаб ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Олжас Бектенов «Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауытында болды. Кәсіпорын жоғары сапаны қамтамасыз ете отырып, алтын мен басқа да бағалы металдарды қоспалардан тазартумен айналысады. Зауыт ТМД-да теңдесі жоқ озық аффинаж технологиялары бойынша жұмыс істейді, бұл әлемдік стандарттарға сәйкес келетін өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын іске қосылған сәттен бастап барлығы 336,7 тонна тазартылған алтын және 64,2 тонна күміс өндірілді, жылдық қуаты 25 тонна алтын мен 50 тонна күміске жетеді. «Тау-Кен Алтын» ЖШС директоры Айнұр Айдарханов зауыт энергия тұтыну, су мен жылу шығынын азайта отырып, ESG-қағидаттарын белсенді енгізгенін, сондай-ақ катализаторлар мен қалдықтарды қайта өңдеуді дамытып жатқанын айтты. Бұл шикізат базасын кеңейтуге әрі нарықтағы ұстанымды нығайтуға мүмкіндік береді.
Премьер-министр зауыттың қызметі Қазақстанның бағалы металдардың әлемдік нарығындағы ұстанымын нығайтуға ықпал ететініне тоқталды. Жалпы, мұндай өндірістік жобалар ел экономикасын әртараптандыру жөніндегі стратегияны іске асыруда шешуші рөл атқарады.
«Мемлекет басшысы еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін толық ашу міндетін қойды. Бізде бұл үшін барлық мүмкіндіктер мен қажетті құралдар бар. Қолайлы жағдайлары бар осындай индустриялық парктер өнеркәсіп секторының дамуына ықпал етеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда әртүрлі салалық бағыттағы 14 арнайы экономикалық аймақ және 20-дан астам индустриялық аймақ жұмыс істейді. Біз бұл тәжірибені жалғастырамыз әрі кеңейтеміз. Біздің міндетіміз – жоғары деңгейде қайта өңдеуді дамыту, отандық шикізатты тиімді пайдалану және қайта өңдеу, сондай-ақ ірі кәсіпорындардың айналасында сабақтас өндірістерді қалыптастыру. Импортқа тәуелділікті төмендетіп қана қоймай, қосылған құны айтарлықтай жоғары өнімдердің экспортын арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер жасау маңызды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.