Олжас Бектенов Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Кеше Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасының мән-маңызына тоқталды. Өзгерістердің ауқымы мен маңыздылығы, талқылау процесінің ашық жүргізілуі ел тарихында бұрын-соңды болмаған. Президентіміз атап өткендей, жаңа Конституция жобасында “адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін” қағидаты айқындала түскен. Конституциялық реформаның көздеген мақсаты да осы – ауқымды саяси жаңғырумен қатар, экономиканың сапалы өсу қарқынын арттыра түсуге бағытталып отыр. Яғни, бірінші кезекте, халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыруға басымдық берілуге тиіс. Бұл – біздің алдымызда тұрған аса маңызды міндет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

***

Кеңесте Президент тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы Премьер-министрдің орынбасарлары, министрлер және «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы баяндама жасады.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин халықтың әл-ауқатын жақсарту жоспарлары туралы баяндады. Жұмыстың басым бағыттары – табыстың өсуі, инфляцияны төмендету және нақты секторды қолдау. Ұлттық банкпен бірлесіп, инфляция деңгейін 9-11%-ға дейін төмендету жөніндегі жоспар әзірленетіні атап өтілді. 1 мамырға дейін Халық табысын арттырудың 2026-2029 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданады. Сондай-ақ бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын EGov Business платформасында «бір терезе» қағидаты бойынша дамыту жалғасады.

Мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау және ЖИ шешімдерін енгізу мәселесіне назар аударылды. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев KEDEN және Қаржы министрлігінің салықтық әкімшілендіру платформалары, су тасқынын болжауға арналған Tasqyn, автожолдар саласындағы eJoldar, тасымалдау саласындағы Smart Cargo және басқа да салалық жүйелер туралы баяндады. Әлеуметтік әмиян және үй шаруашылықтарының цифрлық профильдері дамытылуда, бұл қолдау шараларының тиімділігін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру ХҚКО-ға келушілер санын 2,3 млн-ға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ Мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелерді бірыңғай QazTech платформасына көшіру, киберқауіпсіздікті күшейту, салалық Data Lake жүйелері мен ЖИ агенттерін қалыптастыру жоспарланған.

«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Қордың инвестициялық портфелін жүзеге асыру барысы және 2026 жылға арналған жоспарлар, оның ішінде жаңа жобаларды іске қосу туралы баяндады. 2026–2030 жылдар аралығында $27 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестиция тарту міндеті және цифрландыру нәтижелері,соның ішінде 5 жыл ішінде жиынтық әсері $1,3 млрд-ты құрайтын ЖИ жобаларын енгізу мәселелері жеке атап өтілді. Премьер-министр Қордың құрылымын одан әрі трансформациялау мәселелерін, оның ішінде қажет болған жағдайда жекелеген компанияларды біріктіру арқылы қарастыруды тапсырды.

Қаржы министрі Мәди Такиев салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру, бюджет шығыстарының ашықтығын арттыру жөніндегі тәсілдерді енгізу туралы баяндады. Бірінші жартыжылдықта Тауарлардың ұлттық каталогін іске қосу жоспарлануда. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрлық форматқа көшіру жеделдетілуде. Тиімсіз шығыстарды қысқарту мақсатында бюджеттік бағдарламаларға ревизия жүргізіледі. Сондай-ақ бюджет қаражатының қадағалануы үшін цифрлық теңгені қолдану аясы кеңейтілуде. 

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және саланы дамыту шаралары туралы баяндады. 2029 жылға дейін 13,3 ГВт жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба дайындалып, қоғамдық талқылауға шығарылды, еліміздің энергетикалық негізін нығайту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы саласы бойынша Президент тапсырмасына сәйкес, жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарының қуатын кеңейту жобалары белгіленіп, жаңа МӨЗ салу мәселесіне де назар аударылды. 2029 жылға дейін ірі мұнай-газ химиясы бойынша бірқатар жобаны іске қосу жоспарланып отыр, «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасы әзірленуде.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев отандық өндірісті дамыту, арнайы экономикалық аймақтарды жаңғырту және геологиялық барлауды күшейту жөніндегі шаралар туралы баяндады. Отандық тауар өндірушілердің тізілімінде 5,6 мың компания тіркелген. АЭА қызметін кезең-кезеңмен трансформациялау жоспарлануда. Бүгінгі таңда АЭА-да өңдеу өнеркәсібі бойынша 4,4 трлн теңгеге 555 жоба жүзеге асырылды, 33 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Терең өңдеу саласында шикізаттың сыртқа шығарылуын реттеу және жоғары қайта бөлінген өнім шығаруды ынталандыру бойынша шаралар көзделген. Сондай-ақ Маңызды минералдар саласын дамыту стратегиясы әзірленуде. Геологиялық барлау саласында алдағы үш жыл ішінде қаржыландыру көлемін өткен 30 жылдағы инвестициялар көлемімен теңестіру жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі шаралар туралы баяндады. Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру және саланы жеңілдетілген қаржыландыруды кеңейту басты назарда. Ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту және қадағалаудың цифрлық құралдарын енгізу бойынша міндеттер өз алдына бөлек белгіленген. Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінде 2026 жылдан бастап инвестициялық субсидиялардың өсуі мен ҚҚС-тың төмендеуін, сондай-ақ шикізатты қайта өңдеу мен терең өңдеу бойынша жаңа жобаларды іске қосуды қоса алғанда, қосымша ынталандырулар көзделген.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландыруды реформалау тәсілдерін ұсынды. Президент тапсырмаларын орындау шеңберінде жекеменшік мектептерді қаржыландыру өңірлердің қажеттілігін ескере отырып, басым жобаларға шоғырландырылатын болады, сондай-ақ олардың стандарттарға сәйкестігін бақылау күшейеді. Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру нәтижелері және оны кеңейту жоспарлары жеке ұсынылған; 2025 жылдың қорытындысы бойынша үнемдеу 25,7 млрд теңгені құрады.

Азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселесі бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев сөз сөйледі. Қазіргі уақытта Бірыңғай цифрлық әлеуметтік қорғау платформасына сүйене отырып, әлеуметтік саланы цифрландыру және қолдау шараларын проактивті форматқа көшіру үшін деректерді дайындау жүргізілуде. Сондай-ақ еңбек нарығын трансформациялау бойынша міндеттер белгіленді: МЖӘ моделі бойынша Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құру шеңберінде сұранысқа ие кәсіптер үшін мамандарды қайта даярлау және оқыту бағдарламалары, сондай-ақ оқушылардың кәсіптік диагностикасын кеңейту жоспарлануда. 

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйенің құрылғаны туралы баяндады. Ол саланың IТ шешімдерін біріктіріп, процестерді ашық бақылауды қамтамасыз етуі керек. Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе және денсаулық сақтау порталын іске қосу 2026 жылдың 1 желтоқсанына жоспарланған. Сондай-ақ амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде «Әлеуметтік әмиянның» дамуы атап өтілді. 2025 жылы ол арқылы 13,8 млн-нан астам рецепт ұсынылды, бұл жалпы көлемнің 82%-ын құрайды.

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров саланың транзиттік әлеуетін арттыру және цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. 2026 жылы транзит көлемін 55 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда (+65%). Бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар аяқталады. Ресей Федерациясы және ҚХР-мен шекаралық инфрақұрылым бойынша үйлестіру жұмыстары жүргізілуде. ҚТЖ жол картасы және жаңа тарифтік саясат бекітілді. Автожол саласында Қызылорда, Сарыағаш және Рудный қалаларының үш айналма жолының құрылысы басталады. 33 өткізу пункті жаңғыртылуда. ЖИ-шешімдерді енгізу бөлігінде Smart Cargo платформасын мемлекеттік және салалық сервистермен интеграциялау жалғасады. 2027 жылға дейін Біртұтас интеллектуалды көлік экожүйесі құрылады.

***

Жиын қорытындысында Премьер-министр Президент айқындап берген міндеттердің барлығы халық пен бизнеске нақты пайда әкелуді көздейтінін және олардың іс жүзінде орындалуы қажет екенін атап өтті. Бірқатар тапсырма берілді.

Экономикалық блокта инфляцияны төмендету және қадағалау, бизнес шығындарын азайту, тауар нарықтарындағы бәсекелестікті дамыту, түрлі салаларда цифрлық теңгені көбейту бойынша міндеттер қойылған. Тиімді тетіктерді – тұрақтандыру қорларын, форвардтық шарттарды, сауда субъектілерімен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі келісімдерді белсенді пайдалану тапсырылды. Салық саласында халықпен және бизнеспен өзара іс-қимылдың түсінікті және болжамды жүйесін құрудың маңыздылығы атап өтілді. Тиімді салықтық әкімшілендіру және ерте ескерту механизмін енгізу тапсырылды. Сондай-ақ, мобильді қосымшалар арқылы қолжетімді бизнеске арналған бірыңғай цифрлық экожүйе құру, өндіріс барысына кедергі келтірмей тауарлардың цифрлық таңбалануын кеңейту қажет. Бұдан басқа, ШОБ субъектілерін жоспардан тыс тексеру тетігін қайта қарау, активтерді басқаруды оңтайландыру, Алатау қаласын сапалы дамыту бойынша міндеттер қойылды.

Инвестициялық саясат бойынша 2030 жылға дейін негізгі капиталға инвестициялар бойынша нысаналы индикаторларды әзірлеу жөнінде тапсырмалар берілді. Сондай-ақ басым жобалар пулын қалыптастыру және бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша мемлекеттік органдар мен әкімдіктер үшін KPI бекіту қажет. СІМ Kazakh Invest-пен бірлесіп Kazakhstan Investment House арқылы ірі инвесторлармен жұмысты және өзара іс-қимылды, келісімдердің орындалуына және цифрлық платформада инвестициядан кейінгі қадағалау шаралары күшейтіледі. 

Нақты секторда энергетика, өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы, көлік және АӨК-тегі негізгі инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы аяқтауға баса назар аударылды. Сондай-ақ, логистиканы цифрландыру қарқынын арттыру, көлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша міндеттер қойылды. Ішкі нарықты отандық өнімдермен толтыру, ветеринариялық қадағалауды күшейту, кооперацияны дамыту және цифрлық құралдар арқылы мемлекеттік қолдаудың ашықтығын арттыра түсу қажеттілігі атап өтілді.

Премьер-министр білім беру мен денсаулық сақтаудағы жүйелі мәселелерді, оның ішінде цифрландыру және шығыстардың ашықтығын арттыру арқылы шешу міндеттерін қойды. Кадр даярлау, медициналық ақпараттық жүйені цифрландыру, үй шаруашылықтарының цифрлық профильдерін қалыптастыруға, сондай-ақ «Әлеуметтік әмиян» жүйесіне әлеуметтік көмектің түрлі нысандарын біріктіруге ерекше назар аударылды.

«Көріп отырғанымыздай, алдымызда тұрған мақсат-міндеттердің ауқымы өте үлкен. Мемлекет басшысы атап өткендей ойланып-толғануға уақыт жоқ. Батыл, тиімді шешім қабылдап, оны жедел жүзеге асыру қажет. Тағы да қайталап айтамын, халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыру – атқарылатын жұмыстың нақты нәтижесі болуға тиіс. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер Президент тапсырмаларының сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.