Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Премьер-Министр Олжас Бектенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында қойылған міндеттер шеңберінде Жаңаөзен моноқаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру сапасын арттыру, халықты жұмыспен қамту және басқа да маңызды бағыттардың қарқыны тексерілді.
Үкімет басшысы жаңа өндірістерді ашуға баса назар аудара отырып, моноқала экономикасын әртараптандыру жоспарымен танысты. Жаңаөзенде 150 мыңнан астам адам тұрады. Болжам бойынша, 2035 жылға қарай халық саны 200 мың тұрғыннан асады. Күтілетін өсімді ескере отырып, қала тұрғындарын жұмыспен қамтуды, оның ішінде халықтың бизнес-бастамаларын қолдау жөніндегі шараларды күшейту арқылы қамтамасыз етудің маңызы атап өтілді.
Моноқаланың өнеркәсібін дамыту және жаңа өндірістерді іске қосу электр энергиясының қосымша көлемін талап етеді. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен итальялық ENI компаниясының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін жабу үшін жалпы қуаты 247 МВт гибридті электр стансасын салу бойынша инвестициялық жоба басталды. Жоба ЖЭК бірлескен генерациясын (күн және жел энергетикасы) пайдалануды және газ электр стансасын салуды көздейді.
Премьер-Министр газ өңдеу кәсіпорнының құрылысы өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін кең ауқымда мультипликативті әсер беретінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында моноқалалар экономикасын әртараптандыруды қамтамасыз ету міндетін қойды. Адамдардың әлеуметтік әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше назар аудару қажет. Жаңаөзенді Қазақстанның ірі моноқалаларының бірі ретінде жан-жақты дамытуға қолдау көрсету өте маңызды. Барлық әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету қажет. Инвестициялар тартып, жұмыс орындарын ашу керек. Жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы да ерекше бақылауда. Президент бізге үш газ өңдеу зауытын мерзімінде салуды тапсырған болатын. Бұлар – Қашаған, Қарашығанақ және Жаңаөзен зауыттары. Барлығының сапасы жоғары деңгейде болуы керек. Біз оны қадағалаймыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.