Олжас Бектенов XINFA GROUP компаниясының басшылығымен Павлодар облысында өнеркәсіптік парк құрылысының барысын талқылады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда Президенттің тапсырмасы бойынша экономиканы әртараптандыруға және өңдеуші өнеркәсіпті қолдауға бағытталған инвестициялық саясат жүзеге асырылуда.

Кездесу барысында жобаның ағымдағы жағдайына назар аударылды.

Чжао Тинъюн қазіргі уақытта жер учаскесі айқындалып, компания парк құрылысын жүзеге асыру үшін жобалау институтын тартқанын атап өтті.

ҚР Премьер-министрі мемлекеттік органдарға жалпы инвестиция көлемі $15 млрд болатын ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға барынша жәрдем көрсетуді тапсырды. Жоба өңірдің және тұтастай алғанда елдің дамуына мультипликативтік әсер етеді.

Толық циклды өнеркәсіп паркін құру жөніндегі тұжырымдамада бокситтерді терең өңдеу жолымен алюминиге айналдыратын жоғары интеграцияланған өндіріс құру қарастырылған. Алюминий тотығын өндіретін кәсіпорындардың қуатын жылына 4,8 млн тонна, электролиттік алюминийді 2,4 млн тонна деңгейінде ұстап тұру жоспарлануда. Терең өңдеу көлемі жыл сайын 1,2 млн тоннаны құрайды. Жобаны жүзеге асыру 10 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өндірістік нысандардың құрылысы биыл басталады. 1-ші кезекті іске қосу 2028 жылы, жобалық қуатқа шығу 2029 жылы жүзеге асырылмақ.