Олжас Құдайбергенов Қазақстандағы валюталық дәліздің кеңейтілуіне қатысты түсінік берді

Мұндай пікірін әлеуметтік желіде экономист, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергенов жеткізді.

Оның айтуынша, ҚР Ұлттық банкі теңгенің долларға шаққандағы бағамын баяу қалыптастыру саясатын жалғастырып келеді. Бұл теңгенің бірден құлдырауы болмайтынын білдіреді.

«Егер теңгенің долларға шаққандағы бағамын 187 теңгеден ең жоғарғы шекті дәрежесі 198 теңгеге дейін көтерсек те, яғни 1 айда теңге құны 1 теңгеге құлдыраса, жыл бойғы курс 5,9%-ға дейін әлсірейді. Бұл теңге депозиттерінің (ставкасы 10,5%) доллармен салынған депозиттерге (3%) қарағанда тиімділігін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Бұл қабылданып жатқан шаралар сыртқы экономикалық ахуал көрсеткіштері сақталған жағдайда келер жылдың ортасына болмаса соңына дейінгі дәліздің жұмыс уақытын созуға мүмкіндік береді», - деді Олжас Құдайбергенов.

Маманның пайымдауынша, ҚР Ұлттық банкі аталған мәлімдемені іс жүзінде жүзеге асыра алса, реттеушіге деген сенім артады. Банктерге ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды қаржыландыру кезінде валюталық тәуекелдерді бағалауға оңтайлы жағдай жасалды.


Айта кетейік, бүгін ҚР Ұлттық банкі теңгенің АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамының ауытқу дәлізін ағымдағы 185+3/-15 теңгеден 185+13/-15 теңгеге дейін кеңейту туралы шешім қабылдады.

Ұлттық банк 2015 жылғы бірінші жартыжылдықта жүзеге асырған және одан әрі де жүзеге асыруға ниетті неғұрлым икемді әрі қалыпты бағам белгілеу саясаты экономикадағы девальвациялық күтулердің жинақталу тәуекелін айтарлықтай төмендетуге, ішкі валюта нарығында теңгенің айырбастау бағамына қысымның қалыптасуына жол бермеуге және сол арқылы 2009 және 2014 жылдары болғандай мәжбүрлі бірсәттік күрт түзетуді жүргізу қажеттілігінен құтылуға мүмкіндік береді.

Ұлттық банк айырбастау бағамының еркін өзгермелі режіміне 2017 жылдан бұрын көшуді жоспарлап отыр.