Олжас Сүлейменовтің афоризмдеріне және қанатты сөздеріне арналған жинақтың таныстырылымы өтті

ЮНЕСКО-ның тұрақты өкілі, әйгілі ақын Олжас Сүлейменов пен «Альянс банк» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Мақсат Қабашев журналистердің сұрақтарына жауап берді. Спикерлердің сөздеріне қарағанда, жинақта Ожас Сүлейменовтың 1962 жылдардан бері шығармаларындағы ой-пікірлері жинақталған. Жинақ «Тарих, саясат, қоғам», «Шығыс-Батыс», «Тіл мен мәдениет», «Ақын және азамат», «Ар-намыс кодексі», «Қазіргі заман және әдеби процесс», «Ғылым мен дін» атты айдарлардан тұрады. Бұл жинақты «Альянс банк» акционерлік қоғамының қаржылай қолдауымен танымал әдебиеттанушы, жазушы, «Олжастың кітапханасы» баспа үйінің директоры Асфар Абдулло құрастырған. Кітаптың атауы Олжас Сүлейменовтың өлеңінен алынған және ол «Бірақ мен адамдарға өтірік айтқан жоқпын» деп аталады.

«Альянс банк» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мақсат Қабашев әйгілі ақынның жинағы бүгінгідей тәуелсіздіктің 20 жылдығына орайластырылып ұйымдастырылып отырғандығын атап көрсетті. «Өйткені Олжас Сүлейменовты халқымыз рухы биік нар тұлғалы азамат ретінде таниды», - деді Басқарма төрағасы.