Омархан Өксікбаев Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы болып қайта тағайындалды (толық нұсқасы)

Жарлық мәтінінде атап көрсетілгеніндей, "Омархан Нұртайұлы Өксікбаев Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы болып тағайындалсын".

Омархан Өксікбаев Алматы облысы Балқаш ауданының Көктал ауылында 1954 жылы 22 желтоқсанда дүниеге келген. Үйленген, екі баласы бар.

1975 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. 1991 жылы Францияда (Париж қаласында) "Нарықтық экономикадағы аудиторлық қызмет" мамандығы бойынша дәріс алған. Экономика ғылымының кандидаты.

Институтты аяқтағаннан кейін 1979 жылдың наурыз айына дейін Алматы облыстық қаржы басқармасында аға экономист болып жұмыс істеген. 1979 жылғы сәуір - 1984 жылғы шілде аралығында "Тыңға 25 жыл" совхозында бас экономист, ал кейіннен Алматы облыстық суармалы жерлерді игеру басқармасының жоспарлау-экономика бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген.

1984 жылғы тамыз - 1992 жылғы қазан аралығында республика Қаржы министрлігінің Бас бақылау-тексеру басқармасында аға бақылаушы-тексеруші, бас бақылаушы-тексеруші, ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бастығы, басқарма бастығының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды.

1996 жылғы қазан - 1996 жылғы ақпан аралығында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қаржы бақылау комитетінің басқарма бастығы. 1996 жылғы ақпан - сәуір айлары аралығында ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекетаралық қатынастар басқармасының бастығы қызметінде. 1996 және1998 жылдар аралығында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі.

1998 - 2000 жылдар аралығында - Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлықпен күресу жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі. 2000 - 2002 жылдар аралығында - ҚР Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары. 2002 жылғы ақпан айында ҚР президенті әкімшілігінің бас бақылау инспекциясының басшысы болып тағайындалды. 2002 шілде - 2003 жылғы маусым аралығында - ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы. 2003 жылдың 14 маусымынан бастап - Есеп комитетінің төрағасы болған. "Құрмет" орденімен және 4 медальмен марапатталған.

Сондай-ақ, президенттің жарлығымен Алтай Болтайханұлы Зейнелғабдин Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі болып тағайындалды;

Мемлекет басшысының жарлығымен Шәріпбек Шардарбек өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметінен босатылды.