Өмір күнделігі

Досым әйелінің киімі тұратын сөрені ашып, әдемі қағазға оралған әлдебір затты алды. Қарасам, жібек матадан тігілген өте қымбат әрі әдемі іш киім екен. Судай жаңа. 
- Мен мұны оған алғаш рет Нью-Йоркке барғанда алып беріп ем. Осыдан 8-9 жыл бұрын. Ол оны бір кимеді. Бір ерекше күн болғанда кием деп сары майдай сақтап жүрді. Қазір сол сәт туған сияқты. 
Ол төсекке жақындады да жерлеуге дайындалған өзге заттардың жанына әлгі орауды қойды. Әйелі қайтыс болған. Ол маған бұрылды да, былай деді: 
- Ерекше күнге деп ештеңе сақтама. Асыға күткен әр күнің сол ерекше сәт екенін жадыңа тұт. 
Бұл жағдай менің өмірімді күрт өзгертті. Бүгінде мен кітапты көп оқимын. Күйкі тірлікке уақытты аз жұмсаймын. Есік алдына шығып алам да табиғатты тамашалап отырам. Бақшадағы арамшөптерге де қарамайтын болдым. Жалпы, айналамнан тек жақсы нәрсені байқауға тырысам. Қоршаған ұсақ-түйекті айналып өтіп, өзегін көруге бейімделіп қалдым. Өзімнің жақындарыма мейлінше көп уақыт бөлетін болдым. Өмір бар болғаны жинақталған тәжірибе тізбегі екенін түсіндім. Сол үшін де өмірдегінің бәрін барынша бағалауға ұмтылу керек. 
Сол үшін мен ештеңені кейінге сақтамаймын. «Бір күні» немесе «Ерте ме, кеш пе» деген сөз тіркестері менің өмірімнен аластатылды. Егер соған тұрарлық дүние құнтталса, мен не нәрсені де ертеңге қалдырмай бүгін, дәл қазір естіп, көргім, жасағым келеді. «Ертең» өте жеңіл қабылданатын болды. 
Бұрын мәнді деген ұғымдар аяқ астынан майда-шүйде болып қалды. Ұйқы бермейтін мазасыз ойлар түкке тұрғысыз екендігін мойындадым... өзім де періште еместігімді сезіндім... бұрын араздасып қалған бірнеше жақындарыма қоңырау шалып, татуластым... Тек қана сүйіспеншілік, кешірім, қабыл алу ғана маңызды екенін түйсінгендей болдым. Басқасы жәй мешеулік... Елес... Етене жақындарыма оларды қалай жақсы көретінімді айтып үйрендім. Өміріме жылу, қуаныш, күлкі сыйлайтын әр нәрсені ертеңге қалдырмай, сақтамай, қолдан сусытпай, дер кезінде тап басып қалуға тырысам. 
Менің әр күнім, әр минутым баға жетпес құндылық екен. Олар менікі, олар мендік. Сондықтан бар болмысыммен «бүгінім» үшін риясыз ризашылықпен өмір сүрем.

Аударған:
Шынар Әбілдә