Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, әкесіне деген қимастық сезімін жеткізді.
"Әкешім. Бүгін өмірімдегі ең ауыр күн болды… Әкем бұл дүниемен қоштасты.
Бұл қасіретті сөзді жазудың өзі қандай ауыр екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Артымнан тірек болған, ақылын айтып, дұғасымен қорған болған асқар тауымнан айырылдым.
Алланың жазуына разымыз. «Расында, біз Аллаға тәнбіз әрі Оған қайтушымыз». Баршаңыздан әкемнің рухына дұға жасауларыңызды сұраймын. Алла Тағала күнәларын кешіріп, қабірін кең етіп, нұрға бөлесін. Жәннаттың ең жоғары дәрежелерінен орын нәсіп етсін.
Әке, Алла сізді рақымына бөлесін. Сізді ешқашан ұмытпаймыз", - деп жазды ол.
Желі қолданушылары мен актердің өнердегі әріптестері көңіл айтуда.
"Иманды болсын. Алды пейіш, арты кеніш болсын", "Иманы жолдас болсын, бекем бол", "Әкеміз ғажап жан еді. Алланың ісіне шара бар ма, арты қайырлы болсын", "Әкеңіз дүниедегі ең жақсы жан екені жанарынан байқалып тұратын. Әкесін сағынған барлық жандардың әкесіндей болып кеткен парасатына сүйсініп отырушы едік. Иманы жолдас, топырағы торқа болсын!", - деп жазды олар.