Өнер сүйер қауым атақты дирижер Шамғон Қажығалиевті ақтық сапарға шығарып салды

болған атақты дирижер Шамғон Қажығалиевті ақтық сапарға шығарып салды.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткен қаралы жиынға Шамғон ағаның өнерде бірге істескен әріптестері, шәкірттері, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, өнер қайраткерлері және қала тұрғындары келіп, марқұмның отбасына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасты.

Қаралы жиында сөз сөйлегендер Шамғон ағаның өмірі мен өнердегі атқарған еңбектері жайлы ой бөлісті.

Алғашқы болып сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жедел хатын оқыды.

«Қазақ өнерінің аса көрнекті өкілі, халқымыздың мақтан тұтар аяулы перзенті, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шамғон Қажығалиевтың дүние салуына байланысты марқұмның отбасына көңіл айтамын. Шамғон Қажығалиев қазақтан шыққан алғашқы кәсіби дирижерлердің бірі. Ол қазақ өнерінің дамуына зор үлес қосты. Қазақтың Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестірен әлемге танытып, талай шәкірттер тәрбиеледі. Ұлттық және классикалық шығармаларды насихататуда аса зор еңбек сіңірді. Артында мол мұра қалдырған Шамғон Қажығалиевтің жарқын бейнесі халқымыздың жадында әрдайым сақталады. Марқұмның топырағы торқа болып, жаны жаннатта болсын. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев»,  - деді Қ. Уәлиев.

Өз кезегінде КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова кезінде Шамғон ағаның қолдауымен талай классикалық шығармаларды меңгергенін айтты.

«Мен 1956 жылы Құрманғазы оркестріне келгеннен кейін алғашқы кезде тек қазақтың ұлттық шығармаларын орындап жүрдім. Сонда бас дирижер Шамғон маған: «Классикалық шығармаларды айтуымыз керек. Бізде оркестрде орындалатын классикалық туындылар бар. Сен соларды шырқайсың ба?» деп қолқа салды. Содан көп шығармаларды меңгердік. Әрине, жұмыс болған соң әрқалай жағдайлар болады. Келіспей қалған кездеріміз де болды. Бірақ  Шамғон сондай биязы, сондай зиялы, кең пейіл адам болатын. Құрманғазы оркестрімен еліміздің талай шалғай жерлерін және талай шет елдерді аралап шықтық. Ол өте ұқыпты, нағыз кәсіби дирижер болды. Шәке, егер өнер жолында, бірге істесіп жүрген кездерімізде қатаң сөздер айтып, жаныңды ауыртқан кездерім болса, рухыңның алдында кешірім сұраймын. Жатқан жерің жайлы, жаның жаннатта болсын»,  - деді Б. Төлегенова.

Бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов азалы жиыннның ресми бөлімі басталмай жатып, ерте келіп марқұмның отбасына  көңіл айтып кеткен болатын. Сондықтан қала әкімдігі атынан, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова сөз алды.


«Бүгін қазақ халқы ауыр қайғыны бастан кешіп отыр. Қазақ өнерінің майталманы, бүкіл өмірін өнерге, үлкен іске арнаған арнаған атақты дирижер Шамғон Қажығалиевты ақтық сапарға шығарғалы отырмыз. Туу парыз, өлім хақ. Шамғон аға артына үлкен өшпес із қалдырды. Қазақтың маңдайына біткен дара тұлға. Өнер саласындағы атқарған еңбегі ұшан теңіз. Оның сіңірген еңбектері, асыл бейнесі қашанда жадымызда болады. Марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамыз»,  - деді З. Аманжолова.