"Өнерге оңай келген жоқпын": Роза Әлқожа жан сырын ақтарды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, әнші болуына ата-анасы қарсы болғанын айтты.

"Мен өнерге оңай келген жоқпын. Өйткені ата-анам қарсы болды, басқа салаға баруымды сұрады. 18 жасымда өмірлік жарым кездесті, 20 жасымда ана атандым. Алланың жоспары бәрінен мықты ғой. Әнімді жалғайтын, жаныммен сырласа алатын осы ұл туылуы керек болған шығар деп ойлаймын қазір.

16 жасымда Алматыға келгенде қыркүйек айында айтыс болды. Сол айтыста біздің топтың қыздары Жүрсін Ерманға мені ән шырқасын деп хат жіберді. Мен сахнаға имене шығып бір ақыннан домбыра сұрадым. Ол кісі “атыңды айтпасаң бермеймін” деді. Солай мен Студенттер сарайының, “Фараби сазының,” “КазГУдың әншісі” атандым. Одан бері отыз жылға жуықтап қалды", - деп жазды ол.

Сондай-ақ, әнші одан кейінгі байқауда әділетсіздікке қапаланған сәтте такси жүргізушісінің айтқан бір ауыз сөзі оған өмір бойы күш бергенін де жасырмады.

Ең алғаш 1999 жылы ақын Исраил Сапарбайдың ұғаруымен “Студенттер көктемінің” жалғыз авторлық ән номинациясын жеңіп алдым. Ғалым Боқаш, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Халиолла сынды таланттар жүрген бұл ортада бұл бір жапырақ қағаз маған үлкен мәртебе еді. 2002 жылы қаңтар айында 4 айлық ұлыммен “Біз естімеген бір ән” байқауына қатыстым. Ұлжан Айнақұлова, Ұлықпан Жолдасов, Жанар Айжанова қатысқан байқауға жай қабылдағанның өзі маған қуаныш болды. Бәрі “жаңағы тоналар деген не сөз?” деп сұраумен болды.
Сол күні әділетсіздіктерге мұңайғанымды көріп, мені апарған таксист “Оңай келген оңай кетеді” деген болатын. Сол сөз өмір бойы мені қайраумен болды. Бәлкім өмірдің түрлі сәттерінде кері қайтып кетер ме едім, осы сөз ұстап тұрды. Ештеңе оңай келмеген соң қадірін білетін шығармын?! Сол үшін де әлі күнге дейін өнер деп еңбектене беретін шығармын?!", - деп жазды Роза Әлқожа.

Сөз соңында әнші бүгінде ұлымен бірге өнер жолында қатар қадам басып келе жатқанына шүкіршілік ететінін айтты.

"Енді «ұлым менің, мұрагерім» деп додаға жүйрігіммен қатар шабуға Алла нәсіп етуде. Бақ тілеп келіңіздер, ағайын! Сіздің де құдайдан күткен қуанышыңыз еселенсін", - деп түйіндеді ол.