Өңірлерде тұрғындар азық-түлікке таласып жатыр

Теңге қымбаттағалы бері Шымкентте алғаш рет ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне ел лап қойды. Тұрақтандыру қорынан бөлінген арзан азық-түлікті алуға ниеттенгендер бір жарып қалуды ойлаған. Картопты 55-тен, пиязды 35 теңгеден, ұннның келісін 50-ден аламыз деп келгендерге өнімдер жетпей қалып жатты.

-Қант келмеді әлі. Картошка ғана келді. Пиязды біреуге береді, біреуге бермей жатыр. Ал, мен 9-дан бастап келдім. Қант әне келеді, міне келеді деп келмей жатыр. Қашанғы күтеміз.  

Тек, әбден күттірген өнімдер келгенде, онсызда әзер тұрған тұрғындар мүлдем жарылардай болды. Бағасына сөз жоқ. Тек, сапасы көңіл көншітпейді. Тегіннің тұзы татымас дегендей, мысалы картобы шіріп кетіпті.

-Мен бала-шағаға алып жатырмын ғой. Кәдімгі қапшығымен алып отырмын. 3200 теңге төлеп тұрмын қазір. Бұлар ауыстырмаймын деп тұр.

Солтүстік Қазақстан облысында да азық-түлік тағы да қымбаттайды дегенді естіген жұрт сөрелерді лап қойған. Қазір өңірде қант, күріш, пияз бен картоптың бағасы 30 пайызға дейін қымбаттаған. Көтерме саудада бір қолға  бес келі қант пен бес келі күріш берілуде.

Зайтуна Жұмабаева, саудагер:

-Дүрбелең тудырудың қажеті жоқ. Ешкім де аштан қатпайды.

Дүрбелеңнің көкесі Қарағандыда болатын сияқты. Себебі, мұнда арзан қанттың бір аптаға жететін қоры ғана қалған. Сондықтан әкім қаралар қант жеткізуші компаниялардың қабағына қарап, меморандум жасасып, жалпақтап жүр. Онсыз да өткен аптада өсімдік майының бағасы өскен. Ары қарай тағы шарықтап кетпес үшін қазір шенеуніктер тұрақтандыру қорындағы көкөніс пен азық түлікті әлеуметтік павильондарға шығарып жатыр.


Бауыржан Әбдішев, Қарағанды облысының әкімі: 

-Алаяқтардың халықты қанауына жол бермеуіміз керек. Мысалы, Астанадағы дүкендерде Қарағандыдан әкелінетін сүт бағасы анағұрлым қымбаттаған. 

Оңтүстік Қазақстанда тіпті қала әкімдері емес, облыс басшылары да бағаларды қадағалап жүр. Әрине, бұның бәрі сырт көз үшін. Бірақ базарларда дүрлігу жоқ. Баға да тұрақты. 

Сапарбек Тұяқбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

-Жалпы базарлардағы бүкіл тауарларды оптовиктерден ығыстырып өзіміз стаб.фонд оптовиктер орнына жұмыс жасап жатырмыз. Оптовиктер түсініп отыр оның әзірге тиімсіз екенін. Оларда жалпы мынау көтерме сауда орталықтарында бағаларды түсірді бүгін.

Шенділер тұрғындарды текке дүрлікпеуге шақырып, абыр-сабырдың тезірек аптығын басуға тырысуда. Сондықтан, күнделікті тұтынатын азық-түліктен әзірге тарықпайтын түріміз бар. Бірақ әкім-қаралар аттан түсісімен алыпсатарлық қайта ушығып кетуі де мүмкін. Өйткені бәрі қазір әліптің артын күтіп отыр.