«Облыстағы көмірдің бағасы кен орнымен арадағы қашықтық пен көмірдің жылу бөлу сипаттамасына қарай өзгеріп отырады. Мәселен, Шұбаркөл кен орнының көмірі Қарағанды облысының Нұра ауданында 8 мың болса, Оңтүстік Қазақстан облысында 18 мың теңгеге жетеді. Өндіруші бағасы тоннасына 5 мың теңге. Майкүбен кен орнының көмірі Екібастұз қаласында 8 мың теңге болса, Оңтүстік Қазақстан облысында 16 мың теңгеге жетеді. Ал өндіруші бағасы тоннасына 3200 теңге», - деді министр.
Оның айтуынша, өндірушінің бағасы 3650 теңгені құрайтын Қаражыра көмірі Семейде 7 мың болса, Қостанайда 15500 теңге жетіп жығылады. Ал өндіруші бағасы небәрі 1680 теңгені құрайтын Богатырь көмірі Павлодар облысында 7 мыңнан, ал Қостанай облысында 9700 теңгеден саудалануда.
«Жылу беру маусымында көмірдің Қазақстанның өңірлеріне кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз ету үшін көмір тасу үшін қажетті вагондармен қамтамасыз етуге бақылауды күшейту, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік пен халыққа көмірдің жеткізілуіне үнемі мониторинг жасау қажет деп есептеймін», - деді Бозымбаев.