Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 7-тамызда полковник Төлепов 4 келі героин сатқаны үшін ұсталған. Полковниктің үйіндегі тінту кезінде есірткі саудасынан түскен 19 мың АҚШ доллары мен "Макаров" тапаншасының 19 оғы табылды.
9-тамызда облыстық прокуратура офицерді қамауға алуға санкция берді. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің "Есірткі немесе психотроптық заттарды сату үшін ірі көлемде заңсыз сатып алу немесе сақтау, дайындау, өңдеу, тасымалдау, жіберу немесе сату" жөніндегі 259-бабы бойынша айып тағылды.
Қ.Артықпаевтың айтуынша, О.Төлеповтың артына соңғы бірнеше айдан бері аңду салынған. Нәтижесінде жиналған мәліметтер оның есірткі саудасын көптен бері кәсіпке айналдырғанын аңғартады.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің төрағасы түрлі қылмысты әрекеттерге қатысы бар басқа да полиция қызметкерлері туралы ақпараттары бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, погонды қылмыскерлерді әшкерелеу шарасы одан әрі жалғасады.