Оңтүстік Қазақстан облыстық соты алғаш рет қылмыскерге қалған ғұмырын түрмеде өткізу жазасын жүктеді

35 жастағы Өзбекстан тұрғыны Талғат Зұлпыхаров Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында төрт жылда төрт кісі өлтіргені үшін қалған ғұмырын темір тордың артында өткізетін болды.

Тергеу барысында белгілі болғанындай, Т.Зұлпыхаров алдын ала жүрмей қалған ескі көліктердің техникалық паспортын сатып алып отырған. Бұдан кейін ол жеке меншік таксилердің арасынан техникалық паспортта көрсетілген мәліметтерге сәйкес келетін түрін таңдап, көлік жүргізушісінен бір жерге жеткізіп тастауды өтініп, жолай оны өлтіріп отырған. Ұрланған көліктерді Өзбекстанға асырады екен. Қылмыскер тағы бір жеке көлік иесін буындырмақ болғалы жатқан жерде жергілікті тұрғындардың қолына түсті.
Оңтүстік Қазақстан облыстық соты қылмыскер жүзеге асырған төрт бірдей кісі өлтіру оқиғасы мен бір шабуыл дерегін дәлелдеп шықты.