Оңтүстік Қазақстан облысында 2005-жылы құрылыс материалдарын шығаратын 9 зауыт пен цехтар салу жоспарланған

П.Әбубәкіровтың хабарлауынша, Сайрам ауданының Ақсу ауылында қаптама плиталар мен табиғи таудағы тастан қашалған плиталар шығаратын зауыт құрылысы салынуда. Өндіріс жылына 250 мың шаршы метр өнім өндіретін болады. Қазір зауыт корпусы модульды блоктардан құрастырылу үстінде. Мамыр айының екінші жартысында Италиядан өңдеуші жабдықтар жеткізіліп, құрастырылып орнатылады. Зауыттың алғашқы өнімі тамыз айында шығарылады. Өндірісте 150 адам жұмыспен қамтылады.

Сонымен қатар алдағы уақытта үш бірдей кірпіш зауыты іске қосылады. Олардың бірі саз балшықты сығымдауға арналған жаңа технология негізінде өнім шығарады. Кірпіш қалыпқа салу сатысына жартылай құрғақ күйде беріледі. Соның нәтижесінде кірпіш өндіру уақыты біршама қысқарады.
2004-жылдың басынан бері Оңтүстік Қазақстан облысында кірпіш, бетон ерітіндісі, жабын плиталары, саты, құм және саз балшық сынды құрылыс материалдарын өндіретін 11 кәсіпорын іске қосылды.