ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің мәліметтері бойынша, 29 мамырда 11 сағат 35 минутта Шымкент қаласының "Қазтрансгаз-Аймақ" АҚ диспетчерлік қызметінің кезекшісінен жоғары қысымды жер асты газ құбырынан газ шығып жатқандығы жөнінде хабар келіп түсті. Баспасөз қызметі хабарлағанындай, осыған байланысты 7 тарату шкафтық пункті өшірілді. Соның салдарынан асфальт зауыты мен 261 жай үй көгілдір отынсыз қалды.
Баспасөз қызметінде хабарлағанындай, төтенше жағдайды ауыздықтау жұмыстарына "Қазтрансгаз-Аймақ"АҚ апатты жою бригадасының 8 қызметкері және 2 бірлік техникасы жұмылдырылды. Жұмыстар бүгін аяқталады деп күтілуде.
Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, 29 мамырда 20 сағат 30 минутта Жетісай қаласында "Қазтрансгаз-Аймақ" АҚ диспетчерлік қызметінің кезекшісінен "КамАЗ" көлігінің жүргізушісі сыртта орталасқан орта қысымды газ құбырына ұрынып құбырлар дәнекерленген жерді жарды деген ақпарат келіп түсті. Соған байланысты газды тарататын 4 шкафтық пункті өшіріліп, жеке сектордың 250 абоненті газсыз қалды. Жөндеу жұмыстары бүгін сағат 9.00 басталады.