Оңтүстік Қазақстан облысында бағытты автобусқа қарақшылық шабуыл жасалды

Қарақшылық тонау оқиғасы "Ақбиік " ауылына кіре берісте жол бойындағы кафеде болды. Қалааралық автобус жүргізушісі бұл жерде жолаушыларын тамақтандырып алу үшін аялдаған көрінеді.

Алматыдан тауар алу үшін жолға шыққан саудагер әйелдердің айтуынша, олар тұрған кезде кафенің жанына мемлекеттік номері жоқ, сегізінші үлгілі "Жигули" автокөлігі келіп тоқтаған. Автокөлікте үш адам отырған. 25-30 жастар шамасындағы екі Азиялық нәсілді жігіт кафеде отырған жолаушыларды газды тапанша және пышақпен қорқытып, ақшаларын тартып алған. Қарсылық көрсетпек болған бір әйелді қылмыскерлер пышақпен жарақаттаған. Зардап шеккен әйел ауруханаға жатқызылды. Бірақ оның денсаулығына айтарлықтай қауіп төніп тұрған жоқ.
Полиция қазір қылмыскерлерді іздестіру үстінде.