Оңтүстік Қазақстан облысында бала сату фактісі бойынша тағы екі қылмыстық іс қозғалды

Облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар басқармасы бастығы Асқар Айымбетовтың айтуынша, оқиғалар Мақтаарал ауданында, шетелде туылған балаларға берілген куәліктерді тексеру барысында анықталған.

Сәби сүю бақыты бұйырмай жүрген 38 бен 42 жастағы әйелдер бала сатып алмақ болған. Достары мен туыстарының көмегімен аяғы ауыр қыздарды тауып, олардың балаларын сатып алуға келіскен.

«Олардың бірі шарананың анасына 250 мың теңгеге зат сатып әперген, екіншісі 150 мың теңге төлепті», - деді А.Айымбетов.


Балалардың құжаттарын рәсімдеу үшін Өзбекстанға барып, туу туралы анықтама алған.

«Заң бойынша әйел шетелде босанса, бала туғанын растайтын құжаттарды сол жақтан алады. Ал, баланың куәлігін тұрғылықты жері береді», - деді А.Айымбетов.

Қазір аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.