Оңтүстік Қазақстан облысында балаларға ВИЧ-инфекциясын жұқтырғандығы үшін айыпталған дәрігерлерге үкім шығарылды

"Әлімжан Атамбеков пен Светлана Нұрханова екі жылға, ал Балғабай Түзелбаев екі жарым жылға бас бостандықтарынан айырылды. Үшеуі де жазаларын колонияда өтейтін болады. Сондай-ақ, сотталғандарға медициналық қызметпен 3 жыл көлемінде айналысуға тыйым салынады", - деп хабарлады аудандық сот төрағасы Серікбай Төлепбергенов.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 15-қараша күні Қазығұрт аудандық сотта Қазығұрт аудандық аурухананың басшылығын аурухана ішінде балаларға ВИЧ-инфекциясын жұқтыру айыбын тағу бойынша сот процесі басталған болатын. Сотталушыларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 316 бабы, 2 тармағы (ұқыпсыздық) бойынша айып тағылған болатын.

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, Қазығұрт аудандық ауруханасында балаларға ВИЧ-инфекциясын жұқтыру дерегі ауруханаға жатқан балаларды тексеру барысында өткен жылы анықталған болатын. Ауданда ВИЧ-инфекциясын жұқтырған 15 бала мен 2 ана тіркелген.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы балаларға жаппай ауру жұқтыру ісі бойынша сот процесі болып, шымкенттік дәрігерлер сотталған болатын. Сол кезде 5 адам шартты түрде жазаға тартылып, 16 адам бас бостандықтарынан айырылған болатын. Сотталушылардың ішінде 6 адамға әртүрлі себептермен жазасын өтеу кейінге қалдырылған еді. Ал колонияда жазасын өтеуге кесілген тағы 6 адам босатылып үй тұтқынына айналған-ды. Қамауда 4 дәрігер отыр.

Жақын арада ВИЧ-инфекциясын таратудың автономиялық ошағы табылған Түркістан қаласында аурухана ішінде балаларға ауру жұқтыру бойынша сот процесі өтеді.

Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ-инфекциясын жұқтырған 143 сәби тіркелген. Олардың ішінде 10-ы шетінеп кетті, біреуін шетелге алып кетті. Сондай-ақ, 16 ана да ВИЧ-инфекциясын жұқтырған.