"Қаржы полициясы өткен жылы 170 сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар қылмысты ашты. Сот алдына салықшылар, прокурорлар, дәрігерлер, ұстаздар және т.б. жауапқа тартылды. Сан жағынан полиция қызметкерлері алдыңғы орында -29 адам, әкімдік қызметкерлерінің де қатары сондай ", - деді Д. Исаев.
Д. Исаевтың ақпараты бойынша, мемлекеттік қызмет атқарғандарға алаяқтық, пара алу, бөтен мүлікті талан-таражға салу, жалған құжаттарды жасау сияқты айыптар тағылды. Бүгін 15 шенеунік тергеу қапасына тоғытылып, 100 аса сотталғандар жазаларын колонияларда өтеуде.
Қаржы полициясы департаменті бастығының орынбасары атап өткеніндей, күдіктілерді құрықтау кезінде, пара мөлшеріне қанағаттанбаған Созақ ауданының әкімі арыз берген азаматтың басын бума ақшамен бір ұрғаны есте қалған. Шенеуніктің бұл қылығы тергеу іс- қағаздарына енгізілді.
"Тергеу қапасында отырған кезде, ол істеген қылмысын мойындамай, керісінше, бәріне пара ұсынып, бәрін өзім реттеп келісемін деп айтып жүрді. Соған қарамастан, тергеу ойдағыдай өткізілді ", - деді Д. Исаев.
Статистикалық мәліметтер бойынша, бірсыпыра шенеуніктер сыбайлас жемқорлық қылмыстардан басқа ауыр қылмыстарға барған . Мәселен, Шардара ауданында жас полицей өзінің ауылдасын пышақпен өлтірген болса, Түркістанда АІІД шұғыл өкілі өзінің танысын о дүниеге аттандырған. Сондай-ақ, Шымкенттің ҰҚК қызметкері жас өспірімдерді зорлағаны үшін сотталды.