Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Сырдария ұзындығы 20 шақырымға созылған мұз сеңдердің түзілуі салдарынан ернеуінен асып, ауылдарға қауіп төндіре бастаған. Сеңдер Шардара су қоймасында жиналған суды өзенмен төменге қарай жіберуге мүмкіндік бермей отыр. Су астында қалған ауылдардың тұрғындары қауіпсіз аймақтарға көшірілді.
1-наурыз күнгі жағдаймен Отырар ауданы мен Түркістан ауылдық округтеріндегі су басқан аумақтар 550 шаршы шақырымға дейін жетті. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері мен Оңтүстік Қазақстан облысында орын тепкен ҚР Қарулы күштері бөлімшелерінің әскерлері Үштам, Маяқұм, Шеңгелді, Көлқұдық және Балтакөл ауылдарының маңындағы бөгеттерді нығайтуда.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, кеше, 28-ақпанда Сырдарияда жарылыс жасалған жоқ. Саперлер су басқан аймақтан қауіпсіз жерге көшті. Жару жұмыстары бүгін қайтадан жалғасады.