Алматылық геологтар әзірге аты-жөні жарияланбай отырған украиналық фирманың тапсырысымен Ордабасы ауданында кеннің шоғырлану аймағын анықтау және қорын нақтылау үшін бұрғылау жұмыстарына кірісті.
2004-жылдың көктемінде Оңтүстік Қазақстан облысында украиналық өкілдер болған. Облыс әкімі Болат Жылқышиев қонақтармен "Облыстағы пайдалы қазбаларды игеру бағытындағы өзара ынтымақтастық туралы" меморандумға қол қойды. Кеніштерді және Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік инновациялық қоры ұсынған технологияларды жан-жақты тексеру нәтижесінде Украиналық инвесторлар Ордабасы магнетит кенішін игеру жобасын жұмыс құжаты ретінде қабылдады. Құжатқа сәйкес, бұл жерде кен орны, кен байыту фабрикасы мен шойынды бөлмей-ақ табиғи легирленген болат өндіретін инновациялық өндіріс салынады.
Алдын-ала есеп бойынша, кеніште 20 млн. тонна магнетит қоры бар. Жобаның болжамдық құны 100 млн. доллар шамасында. Ол 3-5 жылда игеріледі деп күтілуде.