"Яссы" АҚ-ның Түркістан бөлімшесінің бастығы Сембай Шынтеміровтың айтуынша, биыл акционерлік қоғамның мақта қабылдау бөлімшелері мақтаның бір келісін 45 теңгеге сатып алуда және бұл баға маусым басынан бері тұрақты деңгейде сақталып отыр. Алайда ол кәсіпорындағы қаржы тапшылығына байланысты алдағы уақытта да сатып алу құны арзандауы мүмкін екенін жоққа шығармады. С.Шынтеміровтың түсініктемесіне сенсек, маусым басталар алдында "Яссы" АҚ мақта шаруашылықтарына фьючерс есебінен ауқымды қаржы бөлген. Алайда, мақта өсірушілер алған ақшасын қайтаруға асығар емес. "Олар бағаның арзандығына байланысты қазіргіден де қолайлы конъюнктураның қалыптасуын күтіп, мақтаны аса салғырт өткізіп отыр",- деді ол. Соның салдарынан "Яссы" АҚ қазіргі жағдаймен фьючерс есебінен несиеге берген қаржысының 50 процентін ғана қайтарып алды.
Ал мақташылардың айтуынша, мақта тоннасының өзіндік құны 50-55 мың теңгені құрайды. Қазіргі қалыптасқан бағаға мақта өткізу салдарынан олар шығынға бата бастаған.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ауылшаруашылығы департаментінң мәліметі бойынша, бүгінгі жағдаймен облыс мақташылары болжанған мөлшердің 58,3 процентін, немесе, 236,9 мың тонна түсім жинады. Жалпы алғанда биыл Оңтүстік Қазақстан облысы 405 мың тонна мақта жинауды көздеп отыр.