Оңтүстік Қазақстан облысында осыдан 10 жыл бұрын жасалған қылмыс әшкереленді

1993-жылдың 19-қазанында Қазығұрт ауданы Шарапхана ауылындаалдын-ала ымыраласып алған Марат Кенжеев, Бахтияр Оман және Сәмит Омарбеков есімді үш азамат ВАЗ-2106 автокөлігін тоқтатып, оларды Шымкентке жеткізіп тастауды сұрайды. Ауылдан шыға бере газ тапаншасын шығарған Кенжеев жүргізушіні қорқытып, машинаны тоқтатуға мәжбүр етеді. Сөйтіп, оның қолын байлаған әлгі үшеуі өлтіріп, мәйітті өзенге салып жіберген. Ал автокөлікті бөлшектеп сатып жіберген.

2003-жылдың сәуір айында, 10 жылдан кейін қылмыскерлердің бірі мас отырып, болған оқиғаны таныстарына айтып қойған. Сөйтіп, үш күдікті де қамауға алынды.
Облыстық сот М.Кенжеевті 15 жылға бас бостандығынан айырып, жазаны қатаң тәртіпті колонияда өтеуге, ал Б.Оманды 13 жылға, С.Омарбековты 12 жылға бас бостандығынан айырып, жалпы тәртіпті абақтыға айдау туралы үкім шығарды. Қылмыскерлер облыстық соттың шешіміне қарсы аппеляция жолдаған көрінеді. Алайда ҚР Жоғарғы соты үкімді сол күйінде қалдырды.