Үш ай бойы Оңтүстік Қазақстан облысын түгелдей дерлік аралап, аудан әкімдері мен басқарма бастықтарын аудандық ауруханалар мен мектептердегі сүреңсіз ахуалды телеарна арқылы көрсетемін деп қорқытып ақша талап еткен Айдар Жақсыбеков есімді азамат ұсталды. Оның қолынан жасанды куәлік және аудиоплейер мен дүрбіні жапсырғышпен жапсыру арқылы жасалған бейнекамераның муляжы табылды.
Осындай жалған құралдарды пайдаланған әлгі жалған тілші аудандық шенеуніктерді қорқыту арқылы 500 мыңдай теңге жинап алған.
Алаяқ тағы бір осындай әрекеті үстінде Кентау қаласында ұсталды.
Тұтқынға алу барысында ол ауылдық мекемелердегі кемшіліктерді жоюда журналистерге қолұшын бермек болдым деп мәлімдеді.
А.Жақсыбековтың үстінен жасанды құжат жасағаны және алаяқтығы үшін қылмыстық іс қозғалды. Ол бұған дейін де алаяқтық үшін сотталған көрінеді.