Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, шұғыл іздестіру шараларының нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облыстық экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес департаментінің қызметкерлері қаржы полициясы қызметкерлерінің атын жамылып, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерінен ақша бопсалаумен шұғылданып келген ұйымдасқан қылмыстық топтың іс-әрекетіне тосқауыл қойды.
"Аталған тұлғалар Сайрам ауданындағы мемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғаларын қылмыс жасауға (пара алуға) арандатқан. Шенеунік пара алған соң олар қаржы полициясының қызметкерлері ретінде өздерін таныстырып, қылмыс үстінде ұсталу оқиғасының имитациялаған. Бұдан кейін пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкіндігімен қорқытып, ақша бопсалаған, осы орайда Тұяқбаев Асқар Ахметұлының атына жазылған жалған қызмет куәлігін пайдаланған", -деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Бұл деректер бойынша үш азаматтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 177-бабының 3-тармағының "а" тармақшасы (ұйымдасқан қылмыстық топтың алаяқтық әрекеті), 325-бабының 3-тармағы (көрінеу жалған құжат пайдалану), 328-бабының 1-тармағы (билік өкілінің атағын білермендікпен иемденіп алу) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.