Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы Шақпақ баба ауылының маңында жүзеге асырған операцияның нәтижесінде Volvo жүк көлігі ұсталды. Автокөліктегі арнайы жабдықталған құпия қоймадан Ауғанстанда өндірілген 64 кило героин шықты. А.Выборовтың айтуынша, есірткі "Еуропадағы бір елде сатуға бағытталған екен". Сонымен бірге халықаралық есірткі трафигі желісінің маңызды буындарының бірі болып табылған үш Қазақстан азаматы қамауға алынды.
ҚР ІІМ-нің есірткі саудасымен және заңсыз есірткі айналымымен күрес жөніндегі комитетінің төрағасы бұл шара тыңғылықты дайындық және есірткі саудагерлерін ұзақ уақыт бойы аңду нәтижесінде жүзеге асырылғанын хабарлады. Қазір тұтқындар шұғыл -тергеу шарасынан өтуде.
Жалпы алғанда 2005-жыл басынан бері есірткі саудасымен және заңсыз есірткі айналымымен күрес жөніндегі комитет қызметкерлері 2 тоннадай есірткі түрлерін тәркіледі. Соның ішінде 93 кило героин, 20 кило апиын, 39 кило гашиш табылды. Ұйымдасқан 3 қылмыстық топтың тамырына балта шабылды.