Отырар ауданындағы №563 сайлау учаскесінде "Отан" партиясының бақылаушысы Мамақ Одаманов дауыс санау барысында талықсып кеткен. Учаскедегілер дереу жедел жәрдем шақырады. Оқиға орнына келген дәрігерлер әлгі адамның жүрек ұстамасынан қайтыс болғанын анықтады. Соңынан қайтыс болған адамның дәрігерлік кітапшасынан белгілі болғанындай, ол бұған дейін екі мәрте инфаркт дертіне шалдыққан екен.
Ал осы оқиғаның келесі күні Оңтүстік Қазақстан облысында мәжіліс депутаттығынан үміткердің сенімді өкілі кісі қолынан қаза тапты. Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 20-қыркүйекте Рысқұлов ауылындағы полицияның кезекші бөлімшесіне 45 жастағы Мұхтарбек Сейсенбаевтың кісі қолынан қаза тапқаны туралы ақпарат келіп түсті. Ол мәжіліс депутаттығынан үміткердің сенімді өкілі болатын. Алдын-ала тергеу барысында белгілі болғанындай, қыркүйектің 19-нан жиырмасына қараған түні дауыс санау процессі аяқталғаннан кейін М.Сейсенбаев өзінің бір танысының үйіне барған. Таныс әйел мен оның арасында тұрмыстық сипаттағы кикілжің шыққан. Соның салдарынан әйел әлгінің жүрегі, арқасы мен қолынан пышақ салып алса керек. Жарақат салдарынан жәбірленуші қайтыс болды. Ал болған оқиға туралы полицияға өзі хабар берген әйел өзінің күретамырын қиып жіберген. Оған дәрігерлік көмек көрсетілді. ҚР Қылмыстық кодексінің кісі өлтіру туралы 96-бабы, 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.